Шығыс Қазақстанда 20 жыл қоқыс басқан жағажай тазаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда 20 жыл қоқыс басқан жағажай тазаланды

12.07.2024

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы экологиялық іс-шаралар «Игі істер аптасы» атауымен өтіп жатыр. Тұрғындар өзен жағасы мен орман-тоғайды, көшелер мен жол бойын қоқыстан арылтты. Кейінгі ұрпақты экологиялық мәдениетке баулу үшін зияткерлік сайыстар да ұйымдастырылған.

Шығыс Қазақстандағы Глубокое ауданының тұрғындары 20 жыл бойы қоқыс басып жатқан жағажайды ретке келтірді. Бұрын бұл жер бұқара демалатын орын болған. Алайда қараусыз қалғандықтан ластанып, қамыс басып кеткен. Еріктілер мен эко-белсенділер жағаны тазалады. Сүңгуірлер су астындағы қоқысты шығарды. Коммуналдық мекеме жұмысшылары жағажайға арналған құм әкеліп төседі. Жеке кәсіпкердің иелігіндегі жағажай енді мемлекет қарауына алынды.

Ерболат Есілбаев, Глубокое кентінің тұрғыны:

Ерте уақытта мыс зауытында жұмыс істедік. Сол уақытта жағажай зауыттың қамқорында болған. Қазір 20 жылдан астам қараусыз қалды. Енді міне, жұмыстар жүріп жатыр. Суды тазарту жағын СЭС тексеріп, қамқорына алса.

Ал Петропавл жастары арасында «Білім арқылы - экологияға» тақырыбында зияткерлік сайыс өтті. Еріктілер қоршаған ортаны қорғауға қатысты сұрақтарға жауап іздеді. Сайыс мақсаты - өскелең ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен экологиялық мәдениетін арттыру. Жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.

Әли Әшкенов, ерікті:

Қаланың ескертіштерін, әдемі жерлерін тазартуды жалғастырып жүрміз. Әр бейсенбі сайын біз өзіміздің командамызбен шығып, аулаларды жинап, әжелер, аталарға көмектесіп отырамыз.

Түркістан облысының Төле би ауданында өткен сенбілікке 1200-ге жуық адам қатысты. Тұрғындар жол бойын тұрмыстық қалдықтардан арылтып, тал-теректің қураған бұталарын кесті. Ауыл имамдары жамағатпен бірлесіп, қорым айналасының шөбін орып, қоршауларын ретке келтірді. Көшелер күл-қоқыстан тазарып, ауыл-аймақ ажарланып қалды.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу