ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары

07.07.2024

Бүгінгі бағдарламада үлкен саясаттың әңгімесін айтамыз. Өзегі мынадай цитатадан тұрады. «... Біздің мәңгі досымыз да, мәңгі дұшпанымыз да жоқ. Алайда біздің мүддеміз тұрақты әрі мәңгілік. Біздің парыз- сонымен жүру, соны қорғау». Бұл сөзді 19-ғасырда Британияның мемлекеттік қайраткері, министрлер кабинетін арасында бір жыл үзіліс бар, 10 жыл басқарған Генри Джон Темпл Палмерстон Қауымдар палатасында 1848 жылы айтқан.

Үлкен саясаттағы қандай да бір қадам, әрекет, іс-қимыл осы тұжырымнан бастау алса керек. Оның үстіне соғыс болып жатқанда. Соғысты өзіңнен күшті, ядролық қаруға ие, ғасырлар бойы бодан қылған агрессивті мемлекет жүргізіп отырғанда- тіпті. Алдымен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге мемлекеттік сапары.

Иә, алаң көңіл, скептицизм білідіріп жатқандар бар. Алайда «реал политик» деген бар. Мүмкін емес дүниелерді аңсағаннан көк тиын пайда жоқ. Бұл әрине, жалп-жалп етуді дегенді білдірмейді. Бұл – дипломатия ғана жүретін жол. Жаңа келтірген қағидаға негізделген дипломатия. Басқыншылықты болдырмаудан бастап, экономикалық пайда көруді қамтитын стратегия.

Сөз бірінші кезекте әрине, мұнай туралы. Қытай бізбен бірлесіп шикі мұнай құбырын салып, 2009 жылы іске қосты. Атыраудан Алашанькоуға дейін 2798 шақырымға созылған құбырдың жылдық қуаты 20 млн тонна. Осы құбырмен Ресейдің шикі мұнайы да Қытайға шығарылады. Қытай Қазақстан, Өзбекстан және Түркменстан мемлекттерімен ынтымақтасып салған «Қытай – Орталық Азия табиғи газ құбыры» да ірі жоба.

Сонымен бірге Қытай мемлекеті «Ақтөбемұнайгаз» компаниясына, «Қазгермұнай» мен «Қаражанбастың» жартысына, «Бозашы Оперейтингке» толық және Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытына ие. Қашағанда да үлесі бар, 16,8 пайыз. Мұнан кейінгі қадамдары басқа салаларға да белсенді кіруге және жүк тасымалымен байланысты.

Осыдан 11 жыл бұрын Си Цзиньпин елімізге жасаған алғашқы сапары кезінде Назарбаев университетіне барып «Халықтар достығын нығайтып, көркем болашақты бірге жасайық!» деген тақырыпта баяндама жасаған. Сол кезде «Жібек жолы экономикалық белдеуін бірге құрайық» деген бастама көтерді. Кейін осы бастаманың негізінде Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» мега жобасын ұсынды. Бұл іс жүзінде Қытайдың жаңа стратегиялық саясатының тұғырнамасы. Ол Қазақстанмен шектелмейді, ол Қытайдың ұзақ мерзімге арналған жаһандық стратегиялық жобасы. ...Қытай өзінің осы жобасы арқылы... әлемге жетекшілік етуді көздеп отырғаны айтпаса да түсінікті, – деп жазды профессор Нәбижан Мұқаметханұлы. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры.

Ал енді мынаған қарайық: «Бір белдеу – бір жол» жобасын іске асырсын, халықаралық логистика желісін салсын, ең алдымен Қазақстанмен байланысады. Өйткені Қазақстан – Қытайдың батыс бағытындағы табаны тиетін бірінші мемлекет. Ал біз осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. Инфрақұрылымдарды барынша жаңғыртып, жаңасын салып, транзиттік әлеуетті еселеп көтеруге. Инвестициялар да жүгіріп барып рәсімдей қоятын тұтыну кредиті емес, ол да керек.

Қытай төрағасының сапарына орай пайымымен бөліскен түрлі пост жазылды. Айбар Олжаев есімді автор иә, ылғи позитивті және комплементарлы жазады, әдеттегідей өте қарапайым, дегенмен дәнегі бар жазба қалдырды. Үзінді келтірсек: «Шығыстағы ұлы көрші Қытай символизмге қатты мән береді. Оларда кез-келген қимыл, белгі мен әріп - символ. Әр сөз бен қимылдың астарына қарайды». Бұл енді Қытай жетекшісіне көрсетілген құрметке орай «қаперде ұстаңыз» дегені сияқты.

«Си мырза ешбір елде үш күн қатарынан болған емес. Тек Қазақстанда ғана үш күнге қалуға шешім қабылдады. Бірінші күні саясат, екінші күні қалған шаруа, үшінші күні шабыт пен сезімге ерік берер ең бақытты сәттер». Шабыт пен сезім демекші, Майра Мұхамедқызы мен Димаш Құдайберген екі елдің басшыларының алдында өнер көрсетті.

Д.Құдайберген Instagram желісіне Си Цзиньпинмен суретін жүктеп «Достар! ... Аспан асты елінің әрбір тұрғыны үшін маңызды болып табылатын «Жасмин гүлі» әнін қытай тілінде орындадым. Си Цзиньпин мырзаға менің шығармашылығыма әрдайым ықылас білдіріп, құрметпен қарайтыны үшін алғыс айтамын», деп жазды.

Майра да сөйтті. «...Ән демекші, ән көп. Бірақ, жүрекке жететін ән таңдап әрі жеткізіп айту ол бөлек! Кешегі мен орындаған ән қытай ақыны Лу Ю мен Таң Ван ның махаббат мұңы. Тарихи көне тілмен жазылған классикалық романс сол жерде отырған ешкімді бей-жәй қалдырмады. Екінші әнім де Қытайдың нағыз философияға толы, ғасыр махаббат дастаны. Қазақша айтқанда, өмір-өзенді сипаттайды» депті әнші Майра.

Си Цзиньпин жолдастың мемлекеттік сапарын, келісімдер мен уағдаластықты Айя Мүтәлі сипаттайды.

Бұл Си Цзиньпиннің Қазақстанға осымен бесінші рет сапары. Қасым-Жомарт Тоқаевпен алтыншы кездесуі. Әсіресе, соңғы екі жылда олар жиі жүздесетін болған. Қытай төрағасы пандемиядан кейінгі алғашқы сапарын да Қазақстаннан бастағаны есте.Бұл жолы Си Цзиньпин елімізде үш күн аялдады.

Жансая Нұралиева, «Аманат» партиясы қоғамдық саясат институтының сарапшысы:

Жалпы бір ел басшысынң екінші елде 3 күнге болуы бұл өте жоғары қарым-қатынастарды білдіреді. Бәріміз білеміз, Си төраға тек БҰҰ саммитіне ғана 3 күнге ғана барады деген ақпарат бар. Бұл екі ел басшысының өзара жеке қарым-қатынасын жоғары екенін айқындайды.

Бұл кездесудің саяси салмағы мен маңызы зор. Мемлекет басшылары көптен күткен халықаралық Транскаспий дәлізі арқылы алғашқы көлік керуенін аттандырды.

Осылайша, Қытай Еуропамен байланысын нығайтпақ.

Айбар Олжай, Сарапшы:

Арасында идеолиялық қарама-қайшылықтар бар. Бірақ, соған қарамастан Қытайдың негізгі сауда алаңы сол Батыс. Енді ол Батысқа қандай жету жолдары бар? Теңіз жолдары, бірақ әлдеқайда конфликт бола кетсе, соғыс бола кетсе теңіз жолдары жабылып қалады. Қазақстан Батысқа шығудың құрлықтық жолы. Екі жолы бар. Теңіз және құрлық. Құрлық жолы Қазақстан болып тұр. Сондықтан Қытайға Қазақстанмен байланысын нығайта беру стратегиялық тұрғыда маңызды.

Олжас Бейсенбаев, Қазақстан қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары:

Бұл қарапайым азаматтардың кәсіппен айналысуына, өңірлерге инвестиция тартуына, біздің шекараларымыздағы сауда-саттық мына өткізу қуаттылығына артуына ықпал етеді. Өйткені, Қытай мен Еуропа арасындағы контейнер тасымалында 80 пайызы Қазақстан территориясы арқылы өтеді. Сондықтан бұл біздің транзиттік қуатымызды әрі қарай да ашуға мүмкіндік береді.

Айя Мүтәлі, Тілші:

Сонымен жүк керуені алдымен Қытайдың ЛяньЮньган портынан шығып, Қорғас құрғақ портына, сосын Достық бекетіне келеді. Жүк тиелген вагондар кейіннен Ақтау мен Құрық порттарына жеткізіледі. Әрмен қарай Әзербайжан, Грузия және Түркияға жетіп, Қара теңіз арқылы Еуропаға шығады. Бұрын Қытайдан Транскаспий арқылы Қара теңіздегі порттарға жүк жеткізу уақыты 53 күн болса, қазір небәрі 18-23 күн.

Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – мультимодальды бағыт. Мұнда теміржол да, теңіз жолы да, құрғақ порт та бар. Жылына 6 млн тонна жүкті тасымалдайды.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік Министрі:

Бұл былайша айтқанда, бұрынғы Жібек жолының қайтадан өз қалпына келгені. Яғни, бұған дейін Транскаспийлік бағыт тек теміржол болса, ал бүгіннен бастап ол теміржол емес, автокөлік саласында тасымалдау өз қалпына келіп отыр.

Яғни, қазақстандық жүк көліктері Қытайдың кез-келген қаласына емін-еркін кіруге мүмкіндік алады.Ал бұдан екі ел арасындағы алыс-беріс көбейетіні анық. ГРАФИКА: Қазір Қытаймен тауар айналымы 41 млрд доллар. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Ендігі меже оны 100 миллиард долларға жеткізу. Көрші елге көбіне мұнай-газ өнімдері мен астықты экспорттаймыз. Ал Қазақстанға техника, автокөлік және киім-кешек келеді. Қытай біздің табиғи өнімдерге қызығып отыр. Жуырда астық пен ет өнімдері көбірек жөнелтілмек.

Бауыржан Айтқұлов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Жобалар департаментінің директоры:

Егіншілікте химия, удобрение дейді ғой. Соны Қазақстан әлемде ең аз тыңайтқышқы қолданады. Сондықтан да біздің өнім өте таза болып келеді.

Мысалы былтыр жөнелтілген астық 1,4 млн тонна асса, биыл соны 2 млн тоннаға жеткізбек.

Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

Қытай нарығы біздің өнімдерді тек қана сатып алып қана қоймай, біздің елге тиісті ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларға қаржы құйып, іске асыруға дайындығын білдіруде. Шыққан өнімдерді әрине, өздерінің нарығына сатуға, бізбен бірге қызмет жасап жатыр.

Ал инвестиция тарту жағынан Қытай Қазақстанның ең ірі төрттігіне кіреді. Соңғы 19 жылда көрші ел экономикамызға 25 млрд доллар құйған. Былтырдың өзінде 2 млрд доллар тартылды. Ал бұл жолы қытайлық инвесторлармен 45 жобаға қол қойды. Көбі – энергетика және өндіріс саласында. Бұл кәсіпорындар алдағы 3 жылда іске қосылады. 22 мың адам жұмыспен қамтылады.

Ли Чжогэ, «Shenzhen Energy Environment» компаниясының директоры:

Біздің жоба күніне 1500 тонна қоқыс өртеп, энергия шығарады. Зауытты Астанада ең озық технологиялармен саламыз. Мұндай жобаларды әлемнің бірқатар елдерінде іске асырдық. Стандарттарымыз қатаң.

Қазбек Майгелді, Қытайтанушылар қауымдастығының төрағасы:

Бұл жобалар аймақтарда, әсіресе, біздің облыстарда бірлескен қытай-қазақ кәсіпорындарында жұмыс істеп жатыр. 06:40 Бұның берері не? Біріншіден жұмыс орындарының ашылуы. Басты талап – Қытай-қазақ кәсіпорындары ашылған кезде жергілікті тұрғындардан, жіргілікті азаматтардан жұмыскерлерді алу. Бұл талап – біздің ең негізгі ұлттық мүддемізді, басты қойылған біздің тараптардың негізгі мәселесі.

Ресми делегациямен еріп келген тағы бір инвестор автонарықты зерттеп жүр. Ол қазақ жерінде автобөлшектер шығаратын зауыт салу қажет деп есептейді.

Бай Кун, Қытай автокөлік құралдары және сауда бөлшектері палатасы бас хатшысының орынбасары:

Біз мұнда қытайлық көліктерге сұраныстың көптігін байқадық. Шамамен нарықтағы автомобильдердің 30 пайызы Қытайдан жеткізілген. Бірақ, бұл көліктер бұзылса, оған қажетті жабдық мұнда жоқ.Сондықтан, Қазақстанда қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт салуды көздейміз.

Бұл қызығушылық тегін емес. Себебі, Астанада тағы бір «Лу Бань» шеберханасы ашылды. Мұнда студенттер автомобильді жасанды интеллект арқылы жүргізу және көлік құрастыру техникасын үйренеді. Мұндай шеберхана бұған дейін Өскеменде құрылған.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Екінші сондай орталық Астанада Еуразия ұлттық университетінің негізінде ашылады. Бұл жерде айтып кететін жағдай, Қытай Үкіметінің принципі бар. Бір мемлекет- бір шеберхана. Қазақстан үшін тұңғыш Си Цзиньпин мырзаның шешімімен екінші шеберхана ашылатын болды.

Бейжің мен Астанада екі елдің мәдени орталықтары жұмысын бастады. Бұл алаңда мәдени шаралар, көрмелер, дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Берік достыққа және өзара қолдауға негізделген қазақ-қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мен мұны үлкен қуанышпен атап өтемін. Сіз Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайтуға зор үлес қостыңыз.

Айбар Олжай, Сарапшы:

Екі президент аудармашысыз өзара сөйлесе алған кезде екеуінің арасында жақын қарым-қатынас орнайды. + Ол бізге келгенді жақсы көреді. Бізге келгенде біраз нәрсені ақылдасып алады. Сөйлесіп алады. Сондықтан дәл қазір терезесі тең болып, сырласып-сөйлесіп отыра алатын тек қана әріптес президент ретінде жақын тартатын адамы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев өте жағымды, қолайлы адам.

Содан болар, қос мемлекет басшысы да кездесу барысында «мәңгілік достық, өзара сенім және ынтымақтастық» сөздерін жиі қайталады.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

Қытай көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды. Қытай-қазақ байланыстарын қамтамасыз етуде біздің ерік-жігеріміз бен ұстанымымыз өзгермейді және конъюнктуралық ықпалға ұшырамайды. Қытай әрқашан Қазақстанға сенімді тірек болатынын мәлімдеймін.

Олжас Бейсенбаев, Қазақстан қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары:

Бұл мәлімдеме нақты бір мемлекетке сес көрсету, қандай да бір қауіп-қатердің алдын алу мақсатында айтылған мәлімдеме деп ойламаймын. Жалпы бұл екі жақты сенімді нығайту. Екі жақты қарым-қатынастың статусын көтеру. Яғни, бізде тек қана тату көршілік байланыс емес, жан-жақты стратегиялық, мәңгілік серіктестік деңгейіне көтерілгенін қуаттау. 03:13 Біздің Қазақстанның орта держава ретіндегі ұмтылысын да қуаттаймыз. Қолдаймыз деп айтып қалды.

Қытай төрағасы Қазақстанның халықаралық аренада орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын әрі жаһандық басқару ісіне лайықты үлес қоса алатынына сенім білдірді.

Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары ШЫҰ САММИТ-не жалғасты. Астана бұрыннан көпвекторлы саясатты ұстанады. Дегенмен қазіргі геосаяси жағдай өте күрделі. Және күрделене бермек. Шілденің алғашқы күндері қазақ дипломатиясы өзінің шеберлігін көрсетті. Астана тұрғындары жол кептелістеріне бұл жолы мән бермеді. Себебі ел болашағы, дамуы үшін жасалып жатқан сапар, жиын екенін жақсы біледі.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу