Си Цзиньпиннің сапары аясында 30-дан астам құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Си Цзиньпиннің сапары аясында 30-дан астам құжатқа қол қойылды

03.07.2024

Қазақстан мен Қытай Еуропаға алғашқы көлік керуенін аттандырды. Бұдан екі ел арасындағы сауда байланыс 2 есе ұлғаяды деген болжам бар. Бұдан бөлек, автокөлік құрастыру техникасын үйрететін екінші Лу Бань шеберханасы елордада іске қосылды. Бұл - Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған сапарының жемісі. Тараптар тағы қандай келісімге қол қойды?

Бүгін - Қытай басшысының Қазақстандағы мемлекеттік сапарының екінші күні. Мәртебелі мейманның кортежін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорданың алдында өзі күтіп алды.

Артынша қос ел басшылары ресми делегация мүшелерін бір-біріне таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұраны орындалды.

Айя Мүтәлі, тілші:

Қытай төрағасы соңғы екі жылда Қазақстанға осымен екінші рет келіп отыр. Пандемиядан кейінгі алғашқы сапарын да Қазақстаннан бастаған. Бұл жолғы Астанадағы сапары 3 күнге жоспарланған.

Бұл – көрші ел көшбасшысының біздің президентпен қарым-қатынасы және елімізге деген ерекше көзқарасының айқын көрінісі. Себебі, Си Цзиньпин бұған дейін бірде-бір мемлекетке 3 күн тоқтап, сапарламаған. Әуелі шағын құрамда бас қосқан мемлекет басшылары стратегиялық байланысты әрмен қарай дамытуға мүдделі екендерін білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіз Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайтуға зор үлес қостыңыз. Мұны жоғары бағалаймыз. Екі елдің ынтымақтастығын халықтарымыздың игілігі үшін жаңа деңгейге көтеру қажет деген бастамаңызды толық қолдаймын. Бүгінгі басқосуымызды осының айқын дәлелі деуге болады. 

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының президенті:

Қытай көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды. Қытай-қазақ байланыстарын қамтамасыз етуде біздің ерік-жігеріміз бен ұстанымымыз өзгермейді және конъюнктуралық ықпалға ұшырамайды. Қытай әрқашан Қазақстанға сенімді тірек болатынын мәлімдеймін.

Келіссөз ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Тараптар инвестициялық ықпалдастықты дамыту перспективаларын талқылады. Былтыр екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 41 миллиард доллардан асқан. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бүгінде құны 14 жарым млрд доллар болатын 45 ортақ жоба жүзеге асырылып жатыр. Дені - өнеркәсіп, энергетика, көлік-транзит, жасыл экономика және ауыл шаруашылығы салаларында. Тараптар алыс-берісті тағы екі есе арттыруды көздейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа «алтын кезеңіне» өтті деп нық сеніммен айтуға болады. Екі ел арасындағы байланыстар тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр.

Сауда байланысты арттыру үшін Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға көбірек экспорттамақ. Былтыр оның көлемі 2 есе өсіп, 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан әлі де Қытай нарығына 2 миллион тоннаға сапалы әрі табиғи ет өнімдерін мен астық жеткізуге дайын.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына Қытай үлкен ірі нарық бізге деген. Бүгінде 27 түрін, продукциясын біз экспортқа жіберіп жатырмыз. Жалпы бұл жерде үлкен экспорт жасауға мүмкіндік бар. Сондықтан біз қағаз-құжаттарымызды дайындап, олармен жұмыс жасауға дайынбыз.

Ал сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін логистиканы дамыту маңызды. Мемлекет басшылары бүгін Ұлы Жібек жолы бағытымен жүретін жүк көліктері керуенін салтанатты түрде аттандырды. Енді Қазақстанның жүк көліктері Қытайдың кез келген қаласына емін-еркін кіріп, сауда-саттық жасай алады. Көрші елге де дәл осындай мүмкіндік берілген. Бір айта кетерлігі, Қытай бұған дейін бірде-бір мемлекетпен мұндай келісімге қол қоймаған.

Алтай Әлі, ҚР Көлік министрлігі комитет төрағасы:

Қытай елінен шыққан жүк автокөлік керуенімен контейнер пойызы Ақтау мен Құрық портына келіп жетті. Олар Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропа елдеріне бет алуда. Керуен аттануға дайын.  

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

Бұл былайша айтқанда, бұрынғы Жібек жолының қайтадан өз қалпына келгені. Яғни, бұған дейін Транскаспийлік бағыт тек теміржол болса, ал бүгіннен бастап ол теміржол емес, автокөлік саласында тасымалдау өз қалпына келіп отыр. Жаңа бағыт

Телекөпір аясында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалы Астанада ашылды. Бұл қазақ-қытай студенттерінің кәсіби тұрғыда өсуіне және ғылымды меңгеруіне жол ашады. Бұдан бөлек, елімізде автомобильді жасанды интелект арқылы жүргізу мен көлік құрастыру техникасын жан-жақты үйрететін «Лу Бань» шеберханасын іске қосты. Бұған дейін мұндай орталық Өскеменде құрылған. Енді Қытайда білім алғысы келетін қазақ жастары үшін үкіметтік грант саны артуы мүмкін.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Екінші сондай орталық Астанада Еуразия ұлттық университетінің негізінде ашылады. Бұл жерде айтып кететін жағдай, Қытай Үкіметінің принципі бар. Бір мемлекет- бір шеберхана. Қазақстан үшін тұңғыш Си Цзиньпин мырзаның шешімімен екінші шеберхана ашылатын болды.

Бейжің мен Астанада екі елдің мәдени орталықтары жұмысын бастады. Бұл алаңда мәдени шаралар, көрмелер, дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізіледі. Жалпы бүгін тараптар келіссөз барысында 31 құжатқа қол қойды. Бұдан елімізге тартылған инвестиция көлемі едәуір артады деген болжам бар. ГРАФИКА: Былтыр Қытай экономикамызға 1,8 миллиард доллар қаржы салған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Бүгінгі жасалынған келісімдер Қазақстанға ең бірінші инвестициялар келеді. Осының арқасында біз инфраструктуралық, өнеркәсіптік және энергетикалық жобаларды, ауыл шаруашылығын қайта өңдеу +жобаларына қаржы көздерін жұмылдырдық. Бұл нақты жобалар болады.

Айя Мүтәлі, тілші:

Президент екіжақты келіссөздер табысты әрі жоғары деңгейде өтті деп атап өтті. Ендігі міндет - осы уағдаластықтарды жүзеге асыру. Қытай төрағасының мемлекеттік сапары ертең де жалғасады. Си Цзиньпин Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады деп жоспарланған.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу