Қазақстан мен Қытай сауда-саттық көлемін 100 млрд долларға жеткізуді көздейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қытай сауда-саттық көлемін 100 млрд долларға жеткізуді көздейді

02.07.2024

Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Екеуара сауда айналым 40 млрд доллардан асты. Бұл – рекордты көрсеткіш. Ендігі меже - оны 100 млрд долларға жеткізу. Сонымен Қазақстанның инвестициялық әлеуеті қандай? Қытайлық инвесторлар қай салаға қаржы құюды көздейді? Айя Мүтәлі анықтап көрді.

Қытай – Қазақстанның ең ірі инвесторларының төрттігіне кіреді. Соңғы 19 жылда экономикаға 25 млрд доллар құйды. Былтырдың өзінде 2 млрд доллар тартылды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,4 пайызға көп. Қазір елімізде 4 700-ге жуық Қазақ-Қытай бірлескен компания жұмыс істеп жатыр. Алдағы 3 жылда Қазақстанда тағы 44 жоба іске асады деген жоспар бар. Шамамен 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Инвесторлар әсіресе, ауыл шаруашылығына басымдық бермек.

Бауыржан Айтқұлов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ жобалар департаментінің директоры:

Егіншілікте химия, удобрение дейді ғой. Соны Қазақстан әлемде ең аз тыңайтқышқы қолданады. Сондықтан да біздің өнім өте таза болып келеді. Екіншісі ол мұнай-химия саласы. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан мұнай мен газға өте бай. Алдынғы орында келіп тұр. Көмір бойынша да 300 жылдық қор бар.
Қытайдағы автоөндірушілер қауымдастығының өкілі де Астанада жүр. Ол еліміздегі көлік нарығының әлеуетін көру үшін арнайы келіпті. Оның сөзінше, қазір Қазақстандағы автомобильдердің 30 пайызы Қытайдан жеткізілген. Алайда, бұл көліктер бұзылса, оған қажетті жабдықты табу қиын. Сондықтан, Қытай тарапы ҚазақстанДА темір тұлпар өндіретін кәсіпорын мен автобөлшек шығаратын зауыт салуды көздейді.

Бай Кун, Қытай автокөлік құралдары және сауда бөлшектері палатасы бас хатшысының орынбасары:

Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Бұған дейін ОртаЛЫҚ Азиядағы бірнеше елде болдым. Меніңше, Қазақстан экономикасы және инвестициялық әлеуеті жағынан ОртаЛЫҚ Азиядағы көшбасшы мемлекет. Біз мұнда ұсақ автокомпоненттер шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отырмыз. Себебі, Қазақстанның бұл салада болашағы зор.
30 жылдан бері байланысы берік қос елдің сауда айналымы бүгінде 100 есе өсіп, былтыр 41 млрд долларға жетті. Ендігі меже - 100 млрд долларға дейін арттыру. Ол үшін ең алдымен көлік-логистикалық бағытты дамыту маңызды. Сондықтан жүк көліктерінің шекарадан емін-еркін өтіп, кәсіпкерлерге кез келген қала арқылы сауда жасауына мүмкіндік берІЛмек. Осылайша, биыл Қытайға 200 мың қазақстандық көлік кірмек. Бір қызығы, көрші ел бұған дейін бірде-бір мемлекетпен мұндай келісімге қол қоймаған.

Қазбек Майгелді, Қытай зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы:

Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамытуға өте үлкен назар аударылатын сияқты. Қазақстан көлік-логистикалық хабқа айналуы керек. Транзиттік хабқа айналуы керек. Ал Қытай осы тұрғыдан Қазақстанның негізгі әлеуетін өз тауарларын Еуропаға шығаратын ең басты дәліз ретінде қарастырылып отырғандықтан, Транскаспий халықаралық маршруты Қытай үшін де өте маңызды.
Айя Мүтәлі, тілші:

Екі ел арасындағы 30 күнге дейінгі визасыз режим енгізілгелі өзара алыс-беріс көбейіп, сауда жанданды. Қазір тәулік сайын мыңдаған адам қазақ-қытай шекарасынан өтеді. Жуырда екі ел арасында жолаушы рейсінің саны да артпақ. Бұрынғыдай апта сайын 43 емес,124 әуе рейсі қатынайтын болады. Бұл туризмді дамыту үшін де тиімді.

Хабарламаларға жазылу