Шымкентте халықаралық талапқа сай жаңа стадион құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте халықаралық талапқа сай жаңа стадион құрылысы басталды

28.06.2024

Шымкентте халықаралық талапқа сай жаңа стадионның құрылысы басталды. Архитектуралық ерекше дизайнмен салынатын арена мегаполистегі сәулетті орындардың біріне айналғалы тұр. Онда 35 мың көрерменге лайықталған кешенде әлемдік доп додаларын өткізуге барлық жағдай жасалмақ.

Стадион құрылысының капсуласын бүгін қала әкімі және «Ордабасы» клубы бапкерлері мен ойыншылары бірге салды. Жаңа спорт кешенінің аумағы 21 гектар. Стадион жобасы FIFA және UEFA талаптарына сай әзірленуде. Трибуналар ағылшындық ареналардың үлгісіндей жасыл алаңға жақын орналасады. Табиғи көгал төселеді. Жаттығу базасы осы кешенннің құрамында болады.

Олжас Тәжібаев, құрылыс басқармасының басшысы:

Халықаралық стадионға сай болуы үшін шетелдік мердігер мекеме мен жергілікті мекме консорциуммен техникалық және авторлық қадағалауды бірге жүргізеді.

Жаңа арена салу мәселесі жергілікті «Ордабасы» командасы Қазақстанның біріншілігінде чемпион атанғаннан кейін туындады. Небәрі 18 мың көрерменге лайықталған стадион 55 жыл бұрын салынған. Еурокубок талаптарына толықтай сай емес-тұғын. Жаңа аренаның құрылысы кестеден ауытқымайтын болса екі жылдан соң аяқталады.

Исматулла Төлепбергенов, қала тұрғыны:

57 жылдан бері орталық стадионға барамын. Бір ойын жібермей көремін. Қазір футбол деңгейі көтеріліп жатыр. Қала әкіміне рақмет. Бізге осындай стадион салып бермек. Біз сонда ардагерлер келіп, тамашалап жүрейік.

Жаңа арена салынып біткен соң «Қажымұқан» алаңы реконструкциядан өтеді. Бұл жер «Ордабасының» қосалқы стадионы және жеңіл атлетикадан ұлттық команданың жаттығатын орнына айналмақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу