Министрлер мен депутаттар халықтың шағымын қарастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министрлер мен депутаттар халықтың шағымын қарастырды

26.06.2024

Жемқорлардан тәркіленген ақшаға биыл тағы 25 мектеп салынады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжіліс отырысында мәлімдеді. Үкімет мүшелері жиналған басқосуда тағы не талқыланды? Өңір тұрғындары қандай проблемаға шағымданып жүр? Үкіметтің жұмысына депутаттар қандай баға берді? Айя Мүтәлінің бейнематериалы.

Бүгін Мәжілістің осы сессиядағы соңғы жалпы отырысы. Оған Тамара Дүйсенова бастаған министрлер кабинеті түгел жиналды. Ал депутаттар оңтайлы сәтті пайдаланып, Үкімет мүшелерін сұрақтың астына алды. Себебі, шешілмеген мәселе шаш етектен. Халықты көбін баспана, ауыл шаруашылығы, жол сапасы мен ауыз су мәселелері алаңдатады. Мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменова былтыр жазда медициналық сақтандырусыз қалған 630 мың мұғалімнің мәселесін көтерді.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
 Бұл ретте аударымдар бір төлеммен жүргізіледі. Яғни, бізде мұғаліміздеріміз жазда бір айда сақтандырусыз қалған кездер өте көп болды. Бұл үлкен проблема болды. Бізді тыңдап отырған 650 мың ұстазға нақты айтсаңыз, практикалық орындалуы қандай? Биылғы жылы олар сақтандырусыз қалмай ма?
Министрлік бұл мәселені шешу үшін, мұғалімдерден сақтандыру төлемдерін қабылдау тетіктерін өзгертпек.
Еділ Оспан, ҚР оқу-ағарту министрінің орынбасары:
Бір ұстаным әзірленді. Оған сәйкес, МӘМС төлемдері педагогтердің әр айды бөлек, бірақ бір төлеммен енгізу тәртібі енгізілді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Сол биыл қайталана ма, қайталанбай ма? Соған нақты жауабыңызды берсеңіз. Мұғалімдер соны күтіп отыр.
- Биыл қайталанбайды деп ойлаймын.
- Ойлайсыз ба? Жоқ, қайталанбай ма?
- Қайталанбайды.
Ал депутат Айдос Сарым әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тиімділігіне күмән келтіріп, оны майшелпекке теңеді.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Зейнетақы қорындағы қанша түскенін, оның қалай азайып, көбейгенін қазір компьютерден телефондағы қосымшадан күнделікті көріп отырамыз. МӘМС дегеніміз бір майшелпек.
Тамара Дүйсенова мұнымен келіспейді. Қорға түскен қаражаттың қайда және қалай жұмсалып жатқанын Үкімет онсыз да бақылап отыр деді.

Ал халыққа бұл ақпарат келесі жылы ғана қолжетімді болады. Депутат Анас Баққожаев егістік алқаптарын киік таптап кеткен шарулардың мәселесін көтерді. Оның дерегінше, былтыр ақбөкендерден келген шығын көлемі 10 млрд теңгеден асқан. Ал тиісті өтемақы әлі берілмепті.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Биыл міне өңірлерге барамыз. Біз нақты қойылған сұрақтарға нақты жауап беруіміз керек. Шаруаларды қызықтырмайды, бұл мәселе қалай шешілетіні тиімсіз бағыттарды қысқартып, осы бағытқа бұруға дайынсыздар ма? Я болмаса, ақша жоқ болса, ақша жоқ деп айту керек? Мәселенің басын ашып алу керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселе жақын арада шешілмейтінін жеткізді. Себебі, өтемақыны есептеу әдістемесі де, оны реттейтін арнайы ереже де жоқ. Ол үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
Оны тиісті реттейтін қағдидаты да қарастырылмаған. Екіншіден, тиісті әдістемені әзірлеуге біздің министрліктің құзыреті жоқ. Жоғарыда аталған екі мәселе залалдарды өтеуге мүмкіндік бермейтінін ескертеміз.
Мәжіліс депутаттары Үкіметтің жұмысына көңілі толмайтындарын аңғартты. Елнұр Бейсенбаев министрлер осы күнге дейін депутаттық сауалдарға сырғытпа жауап беріп келді дейді. Ал халықтың тұрмыс деңгейі нашарлай түскен. Оның сөзінше, Қазақстанда бүгінде миллион адам кедей тұрады. Олар ай сайынғы табысының тең жартысын тамаққа жұмсауға мәжбүр.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Министрлік жылына 950 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтыдық дейді. Бұл цифрға сенетін тек министрліктің өзі ғана болар. Расында, ашылған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша, табысы аз салаларда. Тұрақты жұмыс орындарын ашу ісі мардымсыз ұйымдастырылуда.
Дейтұрғанмен Үкімет атқарған жұмыстар аз емес. Енді олар халықтың табысы мен күн көрісі деңгейін басқаша есептеуді жөн көріпті.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Енді медиандық табыс болады. Ол бүкіл қазақстандықтың ортасында тұрған табыс халықтың негізгі табысы деп есептелетін болады. Бұл күнкөріс деңгейіне қарағанда азаматтардың нақты табысының көрсеткіші деп айтуға болады.
Айя Мүтәлі, тілші:
Ал зейнетақының өсуі тікелей инфляцияға байланысты. Осылай деген Тамара Дүйсенова Ұлттық банк оң болжам жасағанда ғана әлеуметтік төлем көтерілетінін айтты. Ал әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы ұсыныс петицияға 50 мың қол жиналған соң ғана қаралады. Дегенмен Тамара Дүйсенова ерте зейнетке шыққандардың ай сайынғы төлемі аз болатынын ескертті.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу