«Талақ» фильмі халықаралық Шанхай фестивалінде үздік деп танылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Талақ» фильмі халықаралық Шанхай фестивалінде үздік деп танылды

25.06.2024

Әлемдік кинододадағы тарихи жеңіс. Режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі Халықаралық Шанхай фестивалінде үздік деп танылып, «Алтын кубок» иеленді. Сондай-ақ, актриса Амира Омарова «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алды. Туынды әлемнің ең озық 14 фильмнен озып шығып, талғампаз көрермендерді ерекше таң қалдырған.

Жер-жаһанды мойындатқан қазақ киногерлерін Алматы жұрты әуежайдан қарсы алып, құрмет көрсетті. Екі бірдей бас жүлдені иеленген отандастарымызды өнер сүйер қауым ыстық ықыласпен қарсы алды. «Шанхай фестивалі сияқты әлемдік додада топ жару - қазақ кино тарихындағы ең елеулі оқиға», - дейді шығармашылық ұжым.

Данияр Саламат, «Талақ» фильмінің режиссері:

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ғана қатысатындай кинофестиваль. Сол себепті оған бірінші іріктеудің өзінен өту өте қиын болды. Өйткені іріктеуге өздерінің санағы бойынша 3300 фильмдей қатысқан екен. Негізі мен соған қатысып, жеңімпаздарға тілек айтып, қол шапалақтап қана қайтамын ба деп ойлағам. Бірақ маған бұйырыпты бас жүлде.
Фильм жазушы Бейімбет Майлиннің әңгімелер желісімен түсірілген. XX ғасырдың 20-30 жылдарын суреттейтін туындыға ұжымдастырудың салдары, сол замандағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әйелдің ауыр тағдыры арқау болған. Кинодағы басты рөлдерді қазақстандық белгілі актер Ерболат Әлқожа және жас актриса Амира Омарова сомдады.

Ерболат Әлқожа, «Талақ» фильмінде басты рөлді сомдаушы:

Көбінесе біздің қоғамда айтылып жатады ғой әйел адамдар нәзік, сезімтал болып келеді деп. Біз мына фильмде сол Сарымсақта сол қылып жасауға тырыстық.Өте нәзік, кешірімшіл. Баяғыдан бері армандап жүрген қолынан ешнәрсе келмейтін кішкентай адамның образын сомдағым келетін. Арманым орындалып, сомдаған рөлім.

Шанхай кинофестивалі – әлемдік «А» санатына жататын 10 доданың бірі. Биылғы халықаралық байқауға 100-ден аса ел мен аймақтан 4 мыңға жуық өтінім түскен. «Алтын кубок» жүлдесіне 5 номинация бойынша 50 кинотуынды таңдап алынған. Оның 38-і – әлемдік премьера. Іріктеуден өткен толықметражды 14 фильмнің арасынан «Талақ» туындысы үздік деп танылды. Ал актриса Амира Омароваға кинофестивальдің «Ең үздік әйел рөлі» номинациясы бұйырған. Осылайша қазақ киносы қос бірдей жүлдені иеленіп, әлем жұртын таңқалдырды.



Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу