2025 жылға дейін елімізде 2 млрд түп ағаш егіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2025 жылға дейін елімізде 2 млрд түп ағаш егіледі

20.06.2024

2025 жылға дейін елімізде 2 миллиард түп ағаш егіледі. Бүгін «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Жастар кеңесінің XVII отырысында осылай деді. Жиынға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше және байқаушы 10 мемлекеттің 150-ден астам делегаты қатысты. Биыл Қазақстан ұйымға төрағалық ету шеңберінде 2024 жылды Экология жылы деп жариялады. Партия төрағасы бұл тақырыптың әлем үшін өзекті екенін айтты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Аmanat» партиясының төрағасы:

Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін емес екенін атап өтті. Климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың жиілеп кетуі мен олардың ауқымы кеңеюі бізден бірлескен күш-жігерді қажет ететінін түсінуіміз керек. Бұл істе жастар қауымы шешуші рөл атқаруы қажет.

Жастар есірткіге қарсы күрес, креативті индустрия, суды үнемді пайдалану тақырыптарына қатысты идеяларын баяндады. Делегаттар бірауыздан шешім қабылдап, Беларусь пен Иран Ислам Республикасы Жастарының өтінімдерін мақұлдады. Осылайша, ұйымға мүше мемлекеттер саны 10-ға жетті. Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының Жастар кеңесіне төрағалық ету кезегі Қытай Халық Республикасына өтті.

Александр Лукьянов, Беларусь республикасы жастар одағы орталық комитетінің бірінші хатшысы:

Биыл Қазақстан ұйымға төрағалық етіп отыр. Ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазір әлем үшін бейбітшілікті сақтау және әріптестік байланысты орнату маңызды. Біз өзара ынтымақтастық байланысымызды мақтан тұтамыз. 

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу