Хостелдегі өрт: Жәбірленушілер тергеудің баяу жүріп жатқанына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Хостелдегі өрт: Жәбірленушілер тергеудің баяу жүріп жатқанына наразы

14.06.2024

Алматыдағы хостелде болған өрттен қаза тапқан азаматтардың жақындары тергеудің баяу жүріп жатқанына наразы. Айтуларынша, арада жеті ай өтсе де, іс әлі сотқа жетпеген. Мәселен, ысқа уланып қайтыс болған Бейбарыс Әлдибектің ата-анасы содан бері ешкімнің хабарласпағанын, іс материалдарынан хабарсыз екендерін айтады. 

Баян Садырбаева – хостелдегі өрттен қаза тапқан Бейбарыс Әлдибектің анасы. Жолдасы екеуі де сөйлей алмайды. Мүгедек жан қаралы күннен бері 7 айдан асса да, іс сотқа әлі жетпегенін түсіне алар емес. Туыстары да кінәлілер жазасын алмай, анасының өзін қоярға жер таппай жүргенін айтады.
Жүніс Ергешов, марқұм Б.Әлдибектің туысы:
8-ші айға кетіп жатыр. Ешқандай жауапкершілікке тартылып жатқан ештеме жоқ. Әрбір отбасының өзінің басына салған қайғысы. Біреулердің асыраушысы, біреулердің қыршындай балалары кетті. Мына біздің баламыз сияқты. Жауапқа тартылатындар тартылу керек. 
Қуан Нұрақын, тілші:
Былтыр 30 қарашада елді елең еткізген өрт дәл осы хостелде болған еді. Жертөледен шыққан қою қара түтін жоғарыға дейін көтеріліп, төтенше жағдай салдарынан 13 адам қаза тапты. Қазір ғимараттың терезесі ағашпен жабылып, есігіне қара құлпы салынған.
Осы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, артынша жалға алушы қамауға алынған. Істі қарап жатқан қалалық прокуратура «тергеу әлі жүріп жатыр» деп жауап берді. Ал, тұрғындар үй ішінен үй тігіп, заңсыз жұмыс істеп жатқан нысандарға әлі тоқтау болмай тұр, - дейді.

Қайғылы оқиғадан кейін қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі бойынша 170-ке жуық хостелге тексеру жүргізген. 
Нұрболат Қуанбекұлы, қалалық ТЖД аға инженері:
Жалпы сомасы жарты миллионнан астам теңгеге 151 жатақхана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Тексеру барысында үй-жайларды мақсатсыз пайдалану жағдайлары анықталды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қайғылы жағдайдан кейін 80-нен аса хостел өздігінен қызмет көрсетуден бас тартқан. Сондай-ақ, заңға қайшы жұмыс істеген 94 нысанның үстінен тиісті органдарға хат жолданған.

Ал, марқұм Бейбарыстың жақындары жертөледен қонақ үй жасағандар мен оларды қадағаламаған жауаптылар тезірек жазалануын күтеді.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу