Қазақстан туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту бойынша 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осының салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр, деді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі аймақтарда жер телімін бөлу мәселесі заң тұрғысынан қиындағанына байланысты бизнес өкілдері тарапынан шағым түсіп жатқанын атап өтті. Ал бұл ұзақмерзімді инвестиция салу, қаржы тарту және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін шектейтінін қадап айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Туризм саласындағы 17 серпінді инвестициялық жобаның ішінде тек екеуі ғана ірі жоба екені мәлім болды. Бірақ оларға да бюджеттен қомақты қаржы құю керек. Соған қарағанда, Үкімет жобаларды өз қаржысымен жүзеге асыруға дайын инвесторлармен жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істей алмай отыр. Ал оларға керегі – тек инфрақұрылым жағынан қолдау. Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының Бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн.
Отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығы. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ теміржол станцияларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс, деді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, елімізідң туризмін насихаттау үшін заманауи құралдарды белсенді қолдануды, бастысы қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру маңызды екенін айтты.
Асылбек Данияр