Қазақстанға мемлекеттік сапармен Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанға мемлекеттік сапармен Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль келді

12.06.2024

«Тарихи оқиға». Оңтүстік Корея Президентінің Қазақстанға сапарын Қасым-Жомарт Тоқаев осылай бағалады. Бүгін мемлекет басшылары Ақордада кездесіп, келіссөздер жүргізді. Онда белгілі болғандай Кореяның әйгілі Самсунг компаниясы біздің елде тұрмыстық техника шығармақ. Сонымен қатар таңғы шық елінің ең мықты жоғары оқу орындары Қазақстанда филиалын ашуға ниетті. 

Құрмет қарауылы, көк кілем. Мемлекеттік сапармен келген мәртебелі мейманды Ақорда сый-құрметпен қарсы алды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Юн Сок Ель Кореяның 20-шы президенті. 2 жыл бұрын билікке келген. Бұл оның Қазақстанға алғашқы сапары. Бүгін ауқымды келіссөздер жүргізілмек. Басты мақсат -  стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту.

Оңтүстік Корея Қазақстанның негізгі инвесторының бірі. Алыс-беріс бойынша да алғашқы бестікке кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 6 млрд доллардан асқан. Біз негізінен мұнай, ферроқорытпа, титан мен темір саудалаймыз. Ал Кореядан сымдар мен кабельдер, жеңіл көліктер мен автобөлшектер әкелінеді. Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Былтырға дейін осы елден тартылған инвестиция көлемі 9,6 миллиард долларға жетті. Ал былтыр ол 85% -ға өсіп рекорд орнады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – ортақ күш-жігердің жемісі. Ауқымды экономикалық жобаларды іске асырдық. Инвестициялық ықпалдастық жылдан-жылға нығайып келеді. Корея Республикасы – біз үшін сенімді серіктес әрі стратегиялық әріптес. Екі елдің достық дәстүрге негізделген қарым-қатынасы тереңнен тамыр тартады.

Юн Сок Ёль, Корея Республикасының Президенті: 

Біз аса маңызды шикізаттарды игеру, атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері секілді перспективті бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Жалпы, екі мемлекеттің ықпалдастық көкжиегін кеңейтетін уақыт келді. Осы сапар алдында Үкімет Кореяның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы K-Silk Road бастамасын жариялады. Бұл – Кореяның Орта Азияға қатысты алғашқы дипломатиялық стратеягиясы.

Иә, Қазақстан ежелден батыс пен шығысты жалғаған алтын көпір. Қазіргі геосаяси жағдайда біздің елдің көлік-логистика жүйесіне қызығушылық арта түсті. Ал Астана мен Сеул сенімді серіктес. Алыс-берісті арттыру қос тарапқа да олжалы. Президенттер екі ел қарым-қатынасын кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін көтеруге ниетті екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл Сіздің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарыңыз. Оны тарихи оқиға деп бағалаймыз. Бүгінгі келіссөздер қазақ-корей ықпалдастығын кеңейтіп, екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. 

Корея инвестиция көлемін арттырмақ. Қазірдің өзінде ел нарығында KIA, «Hyundai», «Samsung», LG сынды алыптар табысты жұмыс істеп жатыр. Енді инфрақұрылым, өндіріс пен қаржы, энергетика мен цифрландыруға басымдық беріліп отыр деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір Doosan Enerbility компаниясы Түркістанда бу-газ қондырғысы арқылы жұмыс істейтін электр стансасын салып жатыр. Сонымен қатар Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді. Біз мұндай бастаманы барынша қолдаймыз. Сондай-ақ GL Ralpha компаниясы Астанада биофармацевтика зауытын салуды жоспарлап отыр.

Келіссөз барысында сирек кездесетін металдарды бірлесіп зерттеу және өндіру мәселесі де қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нарығына кіргісі келетін корей компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын екенін айтты.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

KIGAM - ол Кореяның мемлекеттік геологиялық институты. Олар қазір Қазақстанда геологиялық барлау жасап жатыр. Осыған байланысты бүгін келісімшартқа қол қоямыз. Осы жұмыстар аяқталған соң литий Қазақстанда өндіруге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Кореяның жоғары оқу орындарында мыңнан астам қазақ жастары білім алып жүр. Әлемнің үздік оқу орындарының тізіміне кіретін белді университеттер енді Қазақстанда ашылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өздеріңізге мәлім, Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Бұған кореялық әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Елдеріміз ғылым және технология саласындағы ынтымақтастықты дамыта түсуге келісті. Осыған орай Түркістанда Кореяның Усонг университетінің филиалын ашу мәселесі пысықталады.

Саясат Нұрбек, ҚР Жоғары білім және ғылым министрі:

Кореяның ең мықты зерттеуші университетімен арнайы меморандумға қол қойдық. Енді Корея үкіметінің көмегімен және Каист университетінің көмегімен Қазақстан Каист деген мықты, халықаралық деңгейдегі зерттеуші университет пайда болады. Корея тарапы бөлісуге дайын, тегін. 

Ал Юн Сок Ёль Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық және стратегиялық ынтымақтастыққа назар аударды.

Юн Сок Ёль, Корея Республикасының Президенті:

Қазақстан Президентімен келіссөздер барысында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған уақыттан бері қарқынды дамып келе жатқан екі ел арасындағы ықпалдастық мәселелерін кеңінен талқыладық. Сонымен қатар Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігінің тиімділігін арттыра түсуге уағдаластық. Бүгінгі сапар аясында электр энергетикасы, маңызды минералдарды жеткізу салалары бойынша бірқатар келісімге қол жеткіздік.

Мәдени, гуманитарлық сала да тыс қалған жоқ. Бүгінде Қазақстанда 120 мың этникалық корей ұлтының өкілі тұрады. Бұл - екі ел арасындағы «достықтың алтын көпірі», -  деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада Астана – Сеул бағытында тікелей рейс ашылатынын айтты. Келіссөз қорытындысы бойынша 11 құжатқа қол қойылды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу