Орталық Азиядағы алғашқы заманауи өнер мұражайы ашылады

Келер жылы Орталық Азиядағы алғашқы заманауи өнер мұражайы пайдалануға беріледі. Almaty Museum of Arts-тың архитектуралық жобасын қоғамдық және мәдени нысандарды жобалауда мол тәжірибесі бар британдық Chapman Taylor бюросы әзірлеген. Коллекционер және меценат Нұрлан Смағұлов салдырып жатқан орталыққа елге белгілі өнер, мәдениет және әдебиет қайраткерлері бас сұғып, бағасын берді.
Алматының қақ ортасында бой көтеріп жатқан музейдің жалпы аумағы 9 мың шаршы метр. Жобаға 45 млрд теңгеден аса инвестиция салынған. Сәулет негізгі екі бөліктен тұрады, - дейді құрылысқа жауапты мамандар.
Бекнұр Несіпбаев, «Астана моторс» компаниясының бас директоры:Бір маңызы, тастан жасалған. Ол тас бізге Бавариядан келеді бізге. Юра кезеңінің тасы. Ол бізге таудың мазмұнын береді. Екінші жағы анодталған алюминийден жасалады. Ол қаланың мәнін береді. Сонда қала мен таудың бірге тұрғаны болып есептелінеді.
«Астана моторс» компаниясының өкілдері мұражайда тұрақты экспозицияларға арналған залдардың саны көп болатынын айтады. Ғимаратта музейге қоятын ең жоғары талаптар: температура, ылғалдылық пен жарықтандыру стандарттары сақталады. Сондай-ақ, шағын туындыдан бастап монументалды кескіндеме қоюға мүмкіндік бар. Құрылыспен танысқан қайраткерлер бұған оң бағасын берді.
Асанәлі Әшімов, актер, Қазақстанның Еңбек ері:Әдемі. Келешегі қандай болады? Соның бәрін айтты. Бұл енді халық келетін, кейін туристер келетін әдемі жер болайын деп тұр. Іші де кең. Шеттен келген қонақтарымызды осы жерге әкеліп көрсетсек, халықтың өскенін көрсетсек. Жақсылығын көрсетсек.
Смағұл Елубай, жазушы:Бұл әрине, тек қана суретшілерге ғана емес, жалпы өнер сүйетін қауымға, тек қана алматылықтарға ғана емес туристерге де бір үлкен тарту болатын сияқты.
Музейге келушілер кіре берістен-ақ өнер туындыларымен таныса алады. Қазір барлығы сатып алынған. Сондай-ақ, сирек кездесетін ағаш түрлері, су бұрқақтар мен серуендеуге, демалуға арналған аймақтар ғиамартқа ерекше сән береді, - дейді жоба жетекшілері.
Қуан Нұрақын
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
