Алматыда заңсыз құрылыс нысандарына тосқауыл болмай тұр. Кей компаниялар жұмысының тоқтағанына қарамастан, тұрғын үй кешендерін жарнамалап жатыр. Ал «арзан бағамен аламын» деп алданып қалған үлескерлер не қаржысын, не пәтерін ала алмай жүр. Проблемалық компаниялардың жарнамасына кім тыйым салады? Баспана сатып аларда нені ескеру керек?
Динара Ізбасарова 16 жылдан бері не пәтерін, не құйған қаражатын қайтара алмай жүр. «Building Service» компаниясы тұрғын үй кешенін саламыз деп уәде беріп, үлескерлерден ақша жинап алған. Кейін банкротқа ұшырап, банкте кепілде тұрған жер телімі өзге компанияға сатылып кеткен. Қазір бұл пәтерлердің қожайындары басқа. Үлескерлер мердігер компанияның құжаттарын дер кезінде жіті тексермей, опық жеп отырмыз, дейді.
Динара Ізбасарова, үлескер:
Біздің бармаған жеріміз жоқ, біз сияқты үлескерлер өте көп, миллион долларға да сатып алған үлескерлер бар. Далада қаңғырып қалған үлескерлер де бар. Бұл ТК-ның сату бөлімі әлі де сатылымын тоқтатпай жатыр, қанша шикілік болса да сатылып жатыр.
Былтыр Алматының таулы аймағындағы құрылысқа бақылау күшейтіліп, заңсыз салынған 52 нысан анықталған еді. Тізімде «Domino Life» клуб үйі бар.
Айдана Қуантхан, тілші:
Бұл Жамақаев көшесінің бойында орналасқан «Dominо life» клуб үйі. Тұрғын үй зиратқа жақын, су қорғау аймағында салынып жатыр. Еңісте бой көтерген нысан құрылыс талаптарын толықтай бұзып тұр, деп тұрғындар наразы.
Айгүл Жанқұлиева, тұрғын:
Менің ойымша, құрылыс талаптарына сай бұл үй әрі кетсе екі қабаттан аспауы тиіс. Ал мына жерде автотұрағын санамағанда, 3 қабат бой көтерген және бізге тақалып салынып жатыр. Көріп тұрсыздар, қазір менің үйіме күн сәулесі түспейді, айналып жүретін жер жоқ.
Дәл осы баспана әлі күнге дейін арнайы платформада да, құрылыс компаниясының сайтында да жарнамаланып жатыр.
Руслан Қожахмет, заңгер:
Мұндай заңсыз құрылысты жарнамалауға қала құрылыс басқармасы мен әкімдік рұқсат бермеуі керек. Талап бойынша мердігер компаниядан заңбұзушылық анықталса, бірден жарнамаға тыйым салынады. Егер жалғаса берсе, бұл заңсыздық деп танылып, тапсырыс берген және сол жарнаманы қабылдағандар жауапқа тартылады.
Осындай жарнамаларға алданып, қаржы құйып, сан соғып қалғандар жетерлік. Олардың кейбірі ақшасын қайтарып алса, көбі үмітін үзген үлескер. Осы ретте, қала тұрғындарынан пәтер сатып аларда бірінші кезекте нені ескеретінін сұрадық.
Ал тұрғын үй сарапшысы жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын қала құрылысын бақылау басқармасынан жердің нысаналы мақсатын анықтап алу қажет, дейді. Сондай-ақ, кез келген тұрғын жедел желіге мердігер мекеме мен тұрғын үйдің атауын жазып, жергілікті әкімдіктен рұқсаты бар-жоғын, заңдылығын анықтай алады.
Айдана Қуантхан