Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында алғашқы креативті эко-хаб ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында алғашқы креативті эко-хаб ашылды

29.05.2024

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында алғашқы креативті эко-хаб ашылды. Енді тұрғындар бұл жерге пластикалық ыдыс, сусабынның босаған құтыларын, шыны бөтелкелерді өткізе алады. Осы қалдықтардан хош иісті шырақ, Алматының нышаны – алма түрінде жасалған қабырға сағаты сынды кәдесыйлар жасауға мүмкіндігі бар. Ол үшін қоқысты өңдейтін құрылғылар сатып алынған. Эко-хабты құрушылардың сөзінше, мұндай бастама қоқысты бөліп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Орталықта экологиялық өнім өндірумен айналысатын кәсіпкерлер мен стартаперлердің туындылары ұсынылған.

Евгений Мұхамеджанов, ECO Network жобасының жетекшісі:

Эко-хабтың басты идеясы – Алматыда экологиялық жобалар үшін ортақ алаңға айналу. Басқа қабылдау орнынан айырмашылығы, мұнда қоқысты өткізіп қана қоймайсыз. Оны қажетті бұйымға айналдырып, жасалған әдемі затты үйіңізге әкетесіз. Сондай-ақ орталықта шикізаттан бұйымдар жасау бойынша оқыту дәрістері, эко-сағаттар, тимбилдингтер мен шеберлік сыныптары өткізіледі.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу