Алматы облысында құбырдың үстіне салынған үйлерге қауіп бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында құбырдың үстіне салынған үйлерге қауіп бар

22.05.2024

Алматы облысы, Тұздыбастау ауылында 40-қа жуық үйдің тұрғындары өмірімізге қауіп төніп тұр деп шағымданды. Бір көшедегі бұл баспананалар су құбырының үстіне салынған екен. Айдана Қуантхан тыңдап қайтты.

Асанқайғы көшесіндегі бұл үйлер жер астынан жүргізілген су құбырының үстіне салынған. Әу баста бұл аумақ шаруа қожалығы иелігінде болыпты. Тұрғындар 2014-2015 жылдары жаппай баспана тұрғыза бастаған. Қазір жер астында жатқан құбырлардың әбден тозығы жеткен. Кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін.

Нұркамал Жайнақова, ауыл тұрғыны:

Ол үйдің трубасы біздің есіктің алдынан өтеді. Уже есіктің алды жарылып, біз де үйсіз қалуымыз мүмкін. Ар жағымыз көршіміздің үйінің астынан кеткен трубалар.

Светлана Нұрмұхаметова, ауыл тұрғыны:

Қауіп бар әрине, ол өте шіріп жатқан труба екен. Айтысы бойынша, даже қазған кезде ары жұмыс жүргізуге қорыққан ана жігіттер, түрте берсең түртіп шіри береді дейді.

Осы баспаналардың астынан жүргізілген құбыр Тұздыбастаудағы 50 мыңға жуық тұрғынды тіршілік нәрімен қамтып отыр. Осыдан 4 ай бұрын құбыр жарылып, салдарынан бір үй қисайып, іргетасынан ажырап кеткен.

  Айдана Қуантхан, тілші:

Су құбыры баспананың астынан өтіп, үйдің бұрышын жарып, 20 градусқа қисайтып жіберген. Дәл осындай 40 үйдің астынан құбыр өтіп жатыр, қазір бірнеше баспананың қабырғасына сызат түсіпті.

Сондықтан тұрғындар жалғыз баспанасының кез келген уақытта құлап кетуінен қауіптенеді. Ал әкімдік өкілдері қазір балама жолын қарастырып жатқанын жеткізді. Үш шақырым жаңа құбырды жердің астынан емес, көшенің бойымен тартпақ.

Шыңғыс Толымбеков, Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі:

95 млн теңге ақша бөлінсе сол ақшаның арқасында труба жасалады. Бұл үйлердің тағы да авариялық ситуация пайда болмас үшін. Облыстық мәслихатта осы кісілердің проблемасын қолдап, ақша бөлінуге рұқсат берілсе, онда мүмкін бір айдың уақытысында шешіліп қалуы мүмкін.

Дегенмен тұрғындар құбыр жарылып, үйге зақым келсе, шығынды кімнен өтерін білмейді. Ал сала мамандары жер асты су құбырын «қызыл сызыққа» кіргізіп, құрылыс жүргізуге әу баста рұқсат берілмеуі тиіс еді дейді.

Сағындық Ыбырайұлы, құрылыс сарапшысы:

Сот арқылы шешу керек. Соттың шешімі осындай жағдайға душар қылған кім кінәлі? Сол төлеуі керек. Бұл заңсыз түрде сызылған жоба деп санаймыз. Сол себептен бұл жерде қызыл сызықтың ара қашықтығы тар болып тұр. Егер де мамандандырылған мекеме жобалау фирмасы бұндай сызбаны жасаса онда барлығын заңға, нормаға сәйкес қылып келтірер еді.

Тұрғындар үшін бұл жалғыз мәселе емес. Көшенің ең шетінде орналасқан үйлер судың қысымын көтере алмай, тіршілік нәрінен тарығып отыр. Егер қысымды көтерсе, құбыр жарылып кетуі мүмкін.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу