Жетісу облысының мектептерінде ментор деген жаңа қызмет пайда болды. Республика бойынша пилоттық жоба бір жылда өз нәтижесін беріп, өңірде жасөспірімдер арасында қылмыс 3-4 есе азайған. Ментордың басты міндеті балалар ата-аналары, мұғалім мен оқушы арасында алтын көпір болып, кейбір мәселелерді шешуге атсалысу.
Соңғы жылдары қоғамда кибербуллинг, лудомания, әлеуметтік желілерге тәуелдік сынды түсініктер жиі қолдыныла бастады. Дәл осы менторлар мектеп жасындағы балалардың психологиясына терең үңіліп, үйде немесе білім шаңырағында айта алмай жүрген проблемаларын тыңдап, олардың шешу жолдарын қарастыратын тұлға.
Гүлмира Зербай, ментор:
Ментордың жұмысы осы балалармен достық қарым-қатынас орнатып, олардың жан-жақты қабілеттерінің ашылуына, олардың бүтін тұлға болып қалыптасуына ықпал ету. Бұл менторлық жоба дер кезінде басталған жоба деп ойлаймын.
Еліміз бойынша алғаш қолға алынған жоба мен қоғамдағы өзге де тақырыптар төңірегінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев қала оқушыларымен пікір алмасып, диалог орнатты. Оқушылар өңір басшысына батыл сұрақтарын қойып, қоғамға ортақ мәселелерді көтерді.
Қуаныш Дәулеталдина, оқушы:
Әкіммен біз әкім секілді сөйлескен жоқпыз. Біз кәдімгі сырласымыз секілді, ашық, тәуелсіз ашық сөйлестік. Кездесу өте әсерлі болды.
Қазіргі таңда Талдықорған қаласы мен Панфилов ауданында 70-ке жуық ментор жұмыс істеп жатыр. Жаңа оқу жылында тағы 48 ментор қызметіне кіріседі. Бұл жобаға оқу ағарту министрлігі мен еліміздің өзге аймақтары қызығушылық таныта бастады.
Қуаныш Қанатұлы