Қазақстанда алғаш рет жүрек пен бүйрекке қатар операция жасалды. Астанадағы Ұлттық ғылыми мединицаналық орталығының дәрігерлері науқастың жүрегінен және бүйрегінен 60 см-ге жуық ісікті алып тастады. Оның салмағы үш келіден асады, - дейді дәрігерлер.
Бұл қуаныштың көз жасы. Жәлел Айтмұханбетов ауыр операциядан аман қалғаныма әлі де сене алмаймын дейді. 10 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, енді ғана жалпы палатаға ауыстырылған. Ал дертінің асқынғанына 2 жылға жуықтапты.
Жәлел Айтмұханбетов, емделуші:Реанимациядан кеше шықтым. Ешкімнің басына бермесін. Өте қуаныштымын.
Операция 20-дан астам маманның қатысуымен өтті. Дәрігерлер осындай ісікті науқастың бүйрегінен алып тастады.
Әнуар Әбдікәрімов, Ұлттық ғылыми медициналық орталығының бөлім басшысы:Ісік жүрекке дейін жеткен. Жүректің ішіне кіріп, сол себепті науқасқа екі топ хирургтермен ота жасалды. Ерекшелігі - Қазақстанда ешқашан жасалмаған ота.
Самал Қабышева, тілші:Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың тек хирургия бөлімінің өзінде күніне кемінде 5 отаға дейін жасалады. Дәл осы дәрігерлер алғаш рет Қазақстанда бұған дейін жасалмаған опреацияны жүргізді. Бұл отаның күрделі болғаны сонша ол - он сағатқа дейін созылған.
Сәкен Сабербеков,Ұлттық ғылыми медициналық орталығының дәрігері:Біз өзіміз де таң қалдық. Жүрекке дейін шапқан. Бүкіл астыңғы венамен өсіп барып, жүрекке шапқан. Мұндаймен адамдар көп өмір сүре бермейді.
Жүректен де, бүйректен де ісікті қатар алған дәрігерлер операция жасау барысында үміт те, күдік те қатар болғанын айтады. Себебі, бүйректегі ісік асқынып, ұлғайып жүрекке шапқан. Бұл өте сирек кездесетін жағдай, - дейді мамандар.
Самал Қабышева