Махамбет ауданында 100 шақырымнан астам бөгет тұрғызылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Махамбет ауданында 100 шақырымнан астам бөгет тұрғызылды

08.05.2024

Атырау облысы Махамбет ауданындағы 3 елдімекенді су басу қаупі бар. Қазір жауапты мамандар қосымша бөгет нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су тасқынының алдын алу жұмыстарын баяндау үшін Нұрсұлтан Нұрсейіт тікелей байланысқа шықты. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Қазір Махамбет ауданындағы жедел штабтамыз. Штаб қазір күшейтілген режимде жұмыс жасап жатыр. Жайық өзенін жағалай орналасқан 17 елдімекен бар. Тасқынның алдын алу мақсатында жаға бекіту жұмыстары 100 процентке аяқталған. 100 шақырымнан астам бөгет салынды. Қазір оларды қосымша нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Жауапты мамандар мен ауыл тұрғындары бөгет бойына кезекшілікке бекітілген. Олар тәулік бойы су деңгейін бақылап отыр. Су келе қалған жағдайда аудан аумағында 22 эвакуациялық пункт дайын тұр. Тұрғындарды тасымалдауға 20-дан астам техника сақадай-сай. Келген нөпір суды еш кедергісіз өткізу мақсатында Нарын, Бақсай және Сборный каналдары тереңдетіліп, қоқыстардан тазартылды. Енді аймақтағы соңғы жағдайды аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтан білейік. 
Қайрат Нұрлыбаев, Махамбет ауданының әкімі:
Қазір 105 км бөгет соғылды. Ауылдарға су келіп жатыр. Ең осал қауіпті деп есептеп жатқанымыз Талдыкөл, Сарайшық және де Махамбет ауылдары. Осы ауылдарға қосымша жар құлауларына байланысты нығайту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта арнайы техникалар қызмет атқаруда. Түнгі, күндізгі кезекшілік барлығы да ұйымдастырылып, тиісті жағдайлар жасалуда.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Сұхбатыңыз үшін рахмет. Теңіз деңгейінен едәуір төмен орналасқан Махамбет ауданында аталған жұмыстар жалғаса береді. Су қауіпті деңгейден жарты метрге асып кетті. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу