Су тасқынынан кейін: Сырым ауданынан арнайы репортаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқынынан кейін: Сырым ауданынан арнайы репортаж

19.05.2024

«Қазавтожолдың» хабарлауынша, су басу қаупіне байланысты Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының арасындағы автожолдың 3 учаскесінде шектеу қойылды. 

• Махамбет пен Индер кенттерінің арасында; 

• Индер кенті мен БҚО шекарасына дейін; 

• Орал қаласынан Атырау облысының шекарасына дейін; 

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Жайықтың деңгейі тәулік бойы бақылауда. Бүгінгі мәлімет бойынша, Жайық Индерборда 1020, Махамбет кентінде 1013, Атырау қаласында 571 см-ге көтерілген. Барлық жерде шекті деңгейден асқан. 

Вице-премьер Қ.Бозымбаевтың айтуынша, эвакуациялық пункттерде 5 460, туысқандарының үйінде 58 мың адам өмір сүріп жатыр. Еліміздің 8 өңірінде жергілікті масштабтағы төтенше жағдай сақталып отыр. Ақтөбе облысында екі елдімекенмен қатынас жоқ. Олар азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтылған- деп айтты вице-премьер. Су тасқынына орай үкіметтегі жиында. Сонымен бірге 12 908 үйді, 25 921 саяжайды су басқан деген мәлімет берді. 

БҚО Сырым ауданында тасқын кезінде 300-ге жуық үйді су басты. Комиссия 114 үй тұруға жарамсыз деп, қайта салуға шешім шығарған. Құрылысқа қаражат «Қазақстан халқына» қорынан бөлінеді. Қалған үй иелеріне баспанасын жөндеп алу үшін 300 мыңнан 3 млн теңгеге дейін қаражат берілмек. Тұрғындар мұнымен келіспей отыр. "Су басқан саман үйде тұру мүмкін емес, жөндеуге кететін шығын дұрыс есептелмеді. Не қайта тексеріп, қаражатты көбейтсін, не сүріп тастасын" дейді. Үйі жаңадан салынатындар және «жөндеуге жарайды» деген қорытынды алғандарды Ардақ Мұратқызы тыңдап қайтты.

Бірінші топ, әрине, қанағаттанған. Екінші топ қанағаттандықпағандықтан меншікті тілші әкімдіктен сұрады. Атқарушы билік бұл мәселені сот арқылы шешуге болатынын айтады. Үйдің қандай күйде екенін бағалауда субьективтілікті жоққа шығармаймыз, дегенмен баспанасын су басып, әбден қалжыраған адамдардың енді соттасқаны қалды..

Наурыздың соңында Сырым ауданында Өлеңті өзені тасып, арнасы 6 метрден асты. Дарияға сай-саладан келген қарғын су қосылып, жүздеген үйді су басты. 1300 адам эвакуацияланды. Электр стансасы суда қалды. Бес ауылда жарық пен ұялы байланыс желісі үзілді.

Жымпиты ауылы Сейфуллин көшесіндегі үйлер өзеннің жайылмасында тұр. Тасқыннан саман үйлердің іргесі шөгіп, қабырғасы құлады. Арнайы комиссия ауданда 253 үй суға кеткенін анықтады. Ауылдағы 49 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Алайда судың жолында тұрса да, тұрғындардың қалауымен жаңа баспана сол ескі үйлердің орнына салынып жатыр.

Меруерт Сәлменова, Жымпиты ауылының тұрғыны:

Үйім суға кетті. Мүгедек мамам бар, 79-да. Қонақүйде жатырмыз екеуміз де. Өзіміздің ауламызда қаламыз деп солай шештік. Үлкен кісі кеткісі келмеді. Өзіміз де үйреніп қалдық.  Дамба саламыз деп айтып жатыр ғой. Су келеді деп ойламаймын.

Ал дәл өзен жағасындағы Өлеңті ауылы екі жыл қатарынан суға кетті. Жағаға тау-тау боп шығып қалған сең де қоражайды бұзып, үйлерге қауіп төндірді.

Қанат Кәкімов, Өлеңті ауылының тұрғыны:

Бағанды мына сең келіп түйді. Газ тұрбасын қиратып кетті. Жігіттерге жөндетіп алдым. Бірақ үйіміз отырды, шөгіп барады. Жарық бір күн-күн жарымдай болған жоқ. Байланыс болған жоқ.

Қазір ауылда су басу қаупі жоқ жерден жаңа 29 үй салынып жатыр. Аудан бойынша 8 мердігер мекеме баспана құрылысына кіріскен.

Қасымжан Дүйсенғалиев, мердігер компанияның басшысы:

Бір үйдің құны - 22 млн теңге черновой вариант. Енді чистовой тапсыру керек деп жатыр, оның құны шешілуде. Екі ай уақыт беріп тұр бізге. Августің 15-і біз кілтті тапсыруымыз керек. Үлгереміз, иә.

Жаңа қонысқа жарық, су, газ желілері тартылды. Құрылыс сапасын жергілікті әкімдік өкілдері тұрғындармен бірге қадағалайды.

Қайрат Төлепов, Сырым ауданы әкімінің орынбасары:

Жымпиты ауылында - 49 үй, Өлеңтіде - 39, Бұлдыртыда - 25, Көздіқара ауылында бір үй салынады. Барлығы 114 үй салу жоспарланып отыр. Қалғаны тұруға жарамды деп шешілді техникалық сараптама қорытындысы бойынша. Оларға қазір біз бағалау жүргізіп жатырмыз. 139 үйдің 47-сінің бағалауы келді. Қалғаны осы аптада келіп болуы керек.

Бағалаушылар әр үйдің жөндеуіне 300 мыңнан 3 млн теңгеге дейін өтемақы беру туралы шешім шығарған. Алайда, мұнымен келіспей отырған тұрғындар бар. Бес баланың әкесі Азамат Құдияров бұл қаражаттың жөндеуге жетпейтінін айтады. Ескі қоныс құлаған. Бес жыл бұрын салынған жаңа үйлеріне су кірген.

Азамат Құдияров, Жымпиты ауылының тұрғыны:

Міне, Өлеңті өзені. Бәрін жайпап, көшеге шығып кетті. Судың жолы осы жер. Ешқандай дамбы да, дым да жоқ. Үйді 2019 жылы салып алдым. Жарамды деді. Бірақ берген ақшасына мен келіспей отырмын. 2 млн 900 мың деді. Қазір бәрі қымбат. Цемент те, басқа құрылыс материалы да.

Лиза Байзақова, Жымпиты ауылының тұрғыны:

Кредит алып, белшемізден қарызға батып, жаңа үйді салып алдық. Тым жақсы тұрып жатыр едік, былтыр су келді. Ол уақытта бұл бірінші рет келуі ғой, келер жылы тасымас деп отыр едік. Биыл тағы келді су. Бес үй кеттік қатар. Бесеудің төртеуіне үй салып берейін деп отыр. Бізге тек ремонт деп тұр. 22 млн теңгеге жаңа үй салып бергенде, капитальный ремонт кемінде 10 млн болуы керек қой.

Үш күн суда тұрған үйлердің күйі бірдей. Қабырға жарылған. Іргетас отырған. Сыздың исі қолқаны қабады. Гүлдана Шайхиева 70 жылға жуықтаған көне қонысын қайта салып беруді сұрайды.

Гүлдана Шайхиева, Жымпиты ауылының тұрғыны:

Үйім 1956 жылғы ескі үй. Саман тастан соғылған. Үйдің іргесіне су кіріп, сіңіп, соның кесірінен қазір үйім отырып бара жатыр. Ремонт 300 мың теңге деп шығарып беріп тұр. Менің талабым - комиссия келіп қайта қараса. Отырып бара жатқан үйді мен қалай ремонттаймын?!

Баян Идиятова, Жымпиты ауылының тұрғыны:

Бізге 900 мың берейін деп тұр. Мен оған келіспеймін. Қараңыз, ана жақты, мына жақты. Бәрі суға кетті. Тұруға жарамсыз. Қабырға қисайып жатыр. Мынау жарылып жатыр.

Ал мына үш пәтерлі үйдің тек ортасы тұруға жарамсыз деп танылып, бұзылып жатыр. Екі жағы қалқиып құлағалы тұр. Салынғанына жарты ғасырға жуықтаған. Бастапқыда көкөніс қоймасы болған ғимарат кейін үш пәтерлі үй есебіне енген.

Бәтима Мағзомова, Өлеңті ауылының тұрғыны:

Мына үйіміздің ортасында мен тұрамын. Бір жағында мына кісі тұрады. Ар жағындағы - шешемнің үйі. Комиссия келіп қарады. Ортадағы менің үйімді сносқа жіберді. Енді ортасын біз бұзып жатырмыз. Екі жағындағы үй құлайын деп тұр. Төбесі мен еденін бұзып алдық. Енді тасын бұза алмай тұрмыз. Екі жағындағы пәтерді сносқа жібермей тұр.

Ақмарал Жолдыбаева, Өлеңті ауылының тұрғыны:

Бізге мына көршім екеумізге екі жағындағы екі пәтерді де сносқа жіберіп, бір үй салып беруін сұраймыз.

Сайдана Бекташева да техникалық сараптама қорытындысымен келіспей, әкесінің үйін даулап жүр. Жөндеуге жарамайды, жаңа үй сұрайды. 76 жастағы қария да мына үйде тұра алмайтынын айтады

Ғұбайдолла Мүсилов, Жымпиты ауылының тұрғыны:

Сносқа кетіп, осының орнына басқа бір үй салса, маған артық керегі де жоқ. Тек үкімет құрттай көмектессе. Тоқаевтың көмектесеміз, бәрін істейміз деп жатқан нәрсесін бұлар былай-былай жалтақтап, дұрыстап бергісі келмейді.

Ал Венераның қуықтай ғана құжырасына (времянка-ред.) техникалық сараптама жасалмаған да. Бағалаушы өкіл бас сұқпаған

Венера Ғаббасова, Жымпиты ауылының тұрғыны:

Маған тіпті бағалаушы келген жоқ. Ешқандай ешкім, техсараптама жасайтын компания да келген жоқ. Тізімде жоқпын. Жалғызбасты анамын. Екі баламен өзім тұрып жатырмын. Ештеңе істей алмаймын. Маған тіпті үй беру түгілі, ремонтқа да жатқызбай тұр. Талабым - үй бұзылсын, маған жаңа үй берілсін.

Техникалық тексеру қорытындысына сай даулы үйлердің көпшілігі 77 пайызға тозған. Тірек құрылымында ақаулар анықталған. Апатты жағдайдың алдында тұр деп танылған. Бірақ бағалаушылардың есебі басқа

Қайрат Төлепов, Сырым ауданы әкімінің орынбасары:

Тұрғындар тұр осы жерде. Келіспейміз дейді. Оның ендігі жолы - сотқа жүгінеді. Яғни сот шешімі болса, қайтадан сараптама жасалып, тиісті шараларды атқаратын боламыз.

Материал эфирге дайындалып жатқанда аудан әкімдігі техникалық сараптама жасаған кәсіпорын мен бағалаушы мекеме өкілдерін тұрғындармен қайта кездестіріп, мәселені түбегейлі шешетінін жеткізді. Ал келер көктемде өзен тасыса, жылдағы жағдай қайталанбас үшін Өлеңті жағасына биіктігі 6 метрлік бөгет салынбақ.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу