Бишімбаев ісі: Адвокат бәрін қорғайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бишімбаев ісі: Адвокат бәрін қорғайды

19.05.2024

Бишімбаев сотынан кейін судьялар, прокурорлар және адвокаттарға, жалпы осы мамандық иелеріне орай пікірлер айтылып, дискуссиялар өрбіді. Біз адвокаттар туралы материал ұсынамыз. Адвокаттардың мықтылығы қорғайтын тараптары үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Ең басты себебі - жазықсыз адам жазаланбауы керек. Және керісінше, қылмыс жасаған адам жазадан құтылып кетпеуі керек. Адвокатураға байланысты сұрақтарды Амангелді Сейітхан таразылап көрді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі кезінде судьяның адвокаттарға осылай ескерту жасаған сәті көп болды. Осы үзінділер желіде тарап, адвокаттардың біліктілігіне қатысты пікірталас басталды. Тіпті, олардың өздері де бір-бірінің әрекетін талқылап жатты. Ал адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев: «Жария талқыны тоқтатуға шақырып, бұл әдеп кодексін бұзуы мүмкін, адвокат адвокатура беделін ойлауы тиіс»,-деп жазды.

Себебі, оларға сын да, сұрақ та көбейген. Соның бірі адвокаттар Бишімбаевты неге қорғайды деген. Бұл сұрақ қаншалықты орынды екенін әркім өзі саралар. Ал адвокаттар алқасы үндеу жариялап, «Қазақстанда заң адвокатты заң көмегін көрсететін адаммен сәйкестендіруге тыйым салады. Осы нормаға сәйкес, жәбірленушілердің немесе қоғамның сотталушыға жақтырмай қарауын адвокатқа аударуға болмайды» - деп жазды. Яғни...

Мейрбек Даубалаев, республикалық адвокаттар алқасының төралқа мүшесі:

Бишімбаевтың ісі бойынша өзінің ісін атқарған адвокаттарды айыптау – бұл мүлде дұрыс емес. Себебі бұл сондай қызмет. Қылмыскерді қорғаймыз, түрлі сыбайлас жемқорлықпен тартылып жатқан шенеуніктерді қорғаймыз. Адам өлтіргенді де қорғаймыз, адам зорлағанды да қорғаймыз. Нашақорды да, нашаны сатқанды да, алғанды да қорғаймыз.

Үндеуде «Адам қандай ауыр қылмыс жасады деп айыпталмасын, адвокаттар оны заңда тыйым салынбаған барлық тәсілмен қорғауға міндетті»,-деп те жазылған. Осы тұста Бишімбаевқа қатысты сот процесіндегі тағы бір жағдай көп талқыланды. Мысалы, оның қорғаушыларының бірі ақпанда былай деген: Ал сот отырысы кезінде прокурор мынадай бейнежазба көрсетті. Демек, адвокаттың сөзі мен біздің көзіміз көрген нәрсе екі түрлі.

Джохар Өтебеков, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі:

Бізде адвокат өтірік айтпауы керек деген талап жоқ. Мүмкін республикалық адвокаттар алқасы адвокаттардың кәсіби этикалық стандарттарын осы мәселе тұрғысынан қайта қарастыруы керек шығар.

Джохар Өтебеков мынадай мәлімет айтты. Кейбір батыс елдерінде адвокаттар прокурор сынды қызмет ететін кезі болады екен.

Джохар Өтебеков, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі:

Егер клиент қылмыс жасағанын адвокатқа мойындап, оны жасыруды сұраса, онда адвокат оны қорғаудан бас тарту былай тұрсын, ол туралы сотқа хабар беруі керек. Мүмкін бізде де осы жағын қарастыру керек шығар.

Ал Қазақстанда «Адвокаттың қылмыстық іс бойынша қабылданған тапсырмадан бас тартуға құқығы жоқ». Сол себептен де адвокат жеңіп шығуға барын салады. Кейде этикалық нормаға келмейтін сөз айтуы да мүмкін.

Судья Ерлан Ғазымжановқа қатысты жеке қаулы да шығарды. Бірақ «адвокаттың өзі этикалық норманы бұзбадым»,-дейді.

Ерлан Ғазымжанов, Астана қалалық адвокаттар алқасының мүшесі:

Өз әрекетімнен этикалық нормалар бұзылғанын көріп тұрғам жоқ. Керісінше, судья көп ереже бұзды. Ол қоғамға қорғау тарапына тәуелді емес екенін көрсетуге тырысты. Өйткені, көпшілік «судья пара алды» деген айып тақты. Сол қысым әсер етіп, біздің сұрақ қоюымызға кедергі келтірді. Айыптаушылардың сөзімізді бөлуіне жол берді.

Ал Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев адвокаттардың деңгейіне, сотқа дайындығына қатысты былай деді.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

Егер адвокат шын мәнінде жоғары мәдениетті, жинаған дәлелдемелері барлық критерийлерге сәйкес келсе, айыптау жағы да іштей тынып, аяғын тартып отырады, судья да оған құрметпен қарай бастайды.

Тастемір Әбішев адвокаттарға сын жетерлік, бірақ, олардың құқықтарын қорғауға қатысты да мәселе көп,- дейді. Мысалы, заңда «тараптардың тепе-теңдігі» қағидаты бар. Бірақ бұл көбіне іске аспайды.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

Адвокаттар көп жағдайда ұтылып жатады. Бұл неден? Сот және оның мәртебесі, Прокуратура, айыптау жағын қолдайтын органдар олардың да мәртебесі конституциялық заңмен реттеледі. Ал адвокатураға келсек, олар қарапайым ағымдағы заңмен реттеледі. Осы адвокаттар туралы заңды конституциялық заң ретінде қабылдау керек.

Оған қоса, адвокаттардың дәлел жинауына да кедергілер бар екен.

Мейрбек Даубалаев, Республикалық адвокаттар алқасының төралқа мүшесі:

Адвокаттың кез келген органның ғимаратына өзінің смартфонымен, кез келген уақытта өзінің қорғауындағы азаматқа кіруіне рұқсат етсек.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

Адвокаттың үстінен кез келген полиция бөлімшесінің тергеушісі қылмыстық іс қозғай алады. Ал енді бұған біз қарсымыз. Адвокаттар үстінен қылмыстық іс қозғау үшін ең кемі аудандық прокурордың келісімі керек.

Адвокатқа еңбекақы төлеу жүйесін де қарау қажет,-дейді мамандар.

Мейрбек Даубалаев, Республикалық адвокаттар алқасының төралқа мүшесі:

2 мың теңгемен басталып 4 мың теңге аралығында болып отыр. Енді қарап отырсаңыз, бұл қызметақыға білікті адвокаттарымыз қызмет етуге ниетсіз болып отыр. Бұл жүйе аясында адвокаттарымыз еңбекақысын қалай алады? Еңбекасықын тергеудің берген актысының сағатының негізінде қабылданады. Ал тергеуші адвокаттың еңбекақысының сағатын жазатын болса, ол кімге айналады. Бұл жерде ол оның жұмыс берушісіне айналады, бұл заңдағы олқылық.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

Жалпы, Қазақстанда 6 мыңға жуық адвокат қызмет атқарады. Алыс аудандарда, өкінішке қара,  адвокаттар жетіспейді. Бір ауданға 1-2 адвокаттан ғана, ол қалай? Тергеу жағын да түсінуге болады. Адвокаттар жоқ болғасын, соны күтіп отырады ғой.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Біз адвокатурадағы кей мәселені ғана айттық. Шынында, талқылануы тиіс түйткіл көп. Соның бірі – лицензия. Қазір адвокаттық лицензияны Әділет министрлігі береді. А, көптеген батыс елдерінде оны адвокаттар алқасы шешеді екен. Қазақстанда да солай жасау керек деген ұсыныс бар. Ал Президент 2021 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында: «Құқықтық мемлекет құрылысы мықты және тәуелсіз адвокатурасыз мүмкін емес»,-деген. Басты мәселе де «Тәуелсіз» деген сөзді кімнің қалай түсінетінін де болып тұрғандай.


Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу