Атырау облысында 500 шақырымнан көп бөгет тұрғызылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында 500 шақырымнан көп бөгет тұрғызылды

26.04.2024

Атырау облысында 500 шақырымнан көп бөгет тұрғызылды. Өңірде тасқынға тосқауыл қою мұнымен аяқталған жоқ. Қазір, нөпір суды теңізге бағыттау үшін - Жайықтан бастау алатын каналдарды қазу жұмыстары жүріп жатыр.

Жандос Темірғали, тілші:

Біз қазір қаланың орталығында тұрмыз. Мына менің бойымнан да биік бөгеттің ар жағында, арқырап Жайық өзені ағып жатыр. Су деңгейі қала ішінде 5 метрге жақындап қалды. Қауіпті деңгей 550 см. Тасқынға қарсы жұмыстарды 1400-ге жуық техникамен 15 мыңнан астам адам атқарып жатыр. Қаланың өзінде 112 учаске бар. Бір айға жетпейтін уақытта жаға бекіту жұмысы 96 пайызға аяқталды. Бөгеттің беріктігі үшін міне мынадай шамамен 4 млн 700 мың дана қапшық пайдаланылған. Бұл сан әлі де өседі. Себебі кейбір учаскелерде жұмыс жалғасып, Жайықтан бастау алатын 14 канал қазылып жатыр. Бұл келген нөпір судың екпінін азайтып, суды теңізге бағыттауға мүмкіндік береді. Жайықтың Каспийге құяр тұсы да қазылып жатыр. Теңіздің ол тұсының ұзындығы 2 км-ге ал ені 20 метрге аршылады. Тасқыннан қауіп әлі де бар. Өйткені мамандар Ресейдің Орынбор облысы мен Батыс Қазақстан облысынан ойысқан нөпір су өңірге мамыр айының басында келеді деп отыр. Қазір Барбастау-Ақжайық-Индер бағыты бойынша жол су тасқынына байланысты жабылды.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу