Түркістан облысында құлпынай еккен шаруалар шығынға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында құлпынай еккен шаруалар шығынға батты

07.05.2024

Түркістан облысында құлпынай еккен шаруалар шығынға батты. Себебі елдегі базарлар мен сауда орындарында шетелдік өнім қаптап кеткен. Сапасыз өнімнің кесірінен жемістің өзіндік құны арзандап, кеткен шығынды да ақтамай қалған. Құлпынай егіп, күн көріп жүрген шаруалармен өңірлік тілшіміз тілдесіп қайтты.

Жібек жолы ауылында тұратын Әбдіжәміл Қасымбаев биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 10 млн теңге несие алып, бір гектар алқапқа құлпынай еккен. Алайда өнімі піскенде баға түсіп кетіп, шығыны ақталмады. Енді несиемді де төлей алмайтын түрім бар деп қынжылады.

Әбдіжәміл Қасымбаев, шаруа:
Өзбекстаннан, Түркиядан, Қытайдан келіп жатқан өнімдері базарларды жаулап алып, біздің өнімдеріміз өтпей қалды. Биылғы жылы табыстың орнына 5-6 млн теңге қарызға батайын деп отырмын. Үкіметтен алған несиеміз бар. 

Биыл аудан бойынша мың гектар алқапқа құлпынай егілген. Табысқа кенелуді көздеген диқан амал жоқ енді тиын-тебенге сатуға мәжбүр. Өйткені жемісті сақтайтын орын да жоқ.

Ғанибек Әбдіжәмілұлы, шаруа:
Баға 500-600 теңге болып түсіп кеткен. Алмайды ешкім. Уақытында теріп сатпасаң ол пісіп кетеді. Жұмсарып кетеді. Оны ұзаққа тасымалдауға жарамай қалады.

Диқандар мәселені шешуге жергілікті билік құлықсыз дейді. Қолдау болмаған соң жағдайымыз тығырыққа тірелді деп ашынады. Ал көрші Өзбекстаннан құлпынай тоқтаусыз тасымалдануда. Ең бастысы шеттен келген өнімнің сапасын бақылап жатқан ешкім жоқ.

Данияр Қалтаев, фермерлер мен жылыжайшылар одағының төрағасы:
Рұқсат етілмеген препараттар қолданады. Ал оны біздің шекарада тексеріп жатқан ешкім жоқ. Шекараны шегендемей, халық арзан зат жеймін деп өздеріне ауру сатып алып жатыр. Қазақстанның нарығын да тексеріп жатқан ешкім жоқ, олар бізге сата береді.

Өзекті мәселеге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары импорттық өнімдерге ешбір шектеу қойылмайтынын айтады. Себебі бірқатар елдер арасында өзара келісім бар. Сондықтан жергілікті шаруалар бәсекелестікке төтеп беруі тиіс дейді.

Мұхтар Әлиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы:
Биыл 20 тоннадай құлпынай әкелінді импортталған. Ең көп әкелетін Өзбекстан, Тәжікстан және Иран елдерінен келеді. Жалпы алғанда біз карантинге бақылаймыз, қадағалаймыз. Биылға заңбұзушылықтар анықталған жоқ.

Сондықтан шаруалардың осы бағаны місе тұтқаннан басқа амалы жоқ. Енді бірер күнде құлпынай жаппай пісіп, баға бұдан да төмен түсіп кетуі ықтимал.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу