Мемлекет басшысы Әзербайжан президентімен келіссөз жүргізді
Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастық пен саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевпен келіссөз барысында мәлімдеді. Мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдету мәселелерін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарға да ерекше назар аударылды. Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Ильхам Әлиев қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, қазақ-әзербайжан ынтымақтастығы барлық бағытта қарқын алып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар лидерлер Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты. Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай Бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Сізді мемлекеттік сапарыңыз аясында Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан Сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:
Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Еліңіздегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Біз барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттіміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
