Құмар ойындарға байланысты заң Мәжіліс талқысында жатыр. Құмар ойындардың қаншама отбасын, қаншама адамның өмірін күл-талқан еткенін білеміз. Құмар ойындарға қатысты заң керек.
Жалпы, ойынға тәуелділікті ДДСҰ аурулар классификациясына енгізгелі қашан. Сондықтан ойынға құмарларды емдемесе, тыйым салғаннан жазылып кетпейді-ау. Қазіргі таңда елімізде ресми тіркелген 9 лудоман ғана бар көрінеді.
Бір себебі: лудоман болып тіркелсе, бірден диспансерілк есепке алып, адам одан кейін жұмысқа, мемлекеттік қызметке орналаса алмайды екен. Бұл адамды тығырықтан алып шығуға ұқсай ма?
Парламенттегі заң жобасында не қарастырылғанын, қандай нюанстары барын Амангелді Сейітхан сараптайды.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Мен лудоман емеспін. Бірақ кеше «e-Gov mobile» арқылы өзімді бәс тігуден 1 жылға шектей салдым. Әзірге ең ұзақ мерзім сол екен.
Енді депутаттар оны 10 жылға дейін созуды ұсынып отыр. Өйткені, бәс тігушілер көбейген. Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, 400 мың адам букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Енді букмекерлік кеңсеге тіркелу үшін сіз 25 жастан асуыңыз керек. Сіздің борышкерлер тізімінде аты-жөніңіз болмау керек. Сонымен қатар сіз мемлекеттік қызметкер болмауыңыз керек.
Депутаттың айтуынша, 200 мыңға жуық бала басқа адамның атынан бәс тіккен.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Яғни, ол балалар өзінің жеке куәлігіндегі цифрларды, басқа дүниелерді өзгерткен. Ағасының, бауырының акаунттарын алып, киви кошелек арқылы қолма-қол қаражаттарды салу ойындарын жүргізген.
Әділет Тұрғынбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:
Біз мына идентификация енгізгелі отырмыз. Биометрия арқылы ата-анасының, көршісінің, ағасының, досының ИИН-ін алып ойнап жатады, соны шектейміз.
Депутаттар бәс тігу жасын 25-ке көтермек. Өйткені, бұл кей зерттеу бойынша адамның толық қалыптасатын және қазақстандық жастардың тұрақты жұмыспен қамтылатын кезеңі екен. Бірақ...
Әділет Тұрғынбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:
Бизнестің өзі қарсы шығып отыр. Әзірше, 25 жас деген басқа елдерде заң қабылданғанын таба алмай отырмыз. Көбінесе дамыған елдерді қараймыз ғой, Сингапур, Корея, Жапония, АҚШ, батыс Еуропа елдері. Ол жерде енді көбінесе.
Оқушы кезден бәс тігіп, 10 млн теңге қарызға батқанда лудоман екенін ұққан, қазір «бәс тікпеңдер» кеңес беріп жүрген танымал блогер Ерік Жанділдә 25 жасты қолдайды. Бірақ, одан мәселе шешіледі, деп ойламайды.
Ерік Жанділдә, лудоманиямен күресіп жүрген блогер:
Адам осы жаста «бәс тігудің» зиян екенін ұғады деп айта алмаймыз. Мысалы, менен көмек сұрайтындардың дені үлкендер. Жалпы, Орта Азиядағы құмар ойыншылардың қателігі – олар оны «табыс көзі» деп санайды. Ал, батыс елдерінде букмекер мен казино адамдардың көңіл көтеретін құралы.
Еріктің ойынша, мектептерде түсіндіру жұмысын көбейтіп, көшедегі, теледидар мен интернеттегі жарнаманы шектеу қажет.
Ермұхаммед Мәулен, Қазақстан Футбол федерациясы президентінің кеңесшісі:
Әуежай, вокзал, сауда үйлері, қаланың қақ ортасында жазылып тұрады неше түрлі акциялармен, бонустармен.
Енді мұндай жарнамалар жойылмақ. Блогерлерге де букмекерлерді мақтауға тыйым салынбақ. Тек спорттық арналар мен газеттерге, сайттарға рұқсат. Бірақ, осы мәселе көп талқыланды. Себебі...
Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Спорт оқиғаларын жариялауға толық маманданбаған БАҚ құралдары, әсіресе, теледидарлар олар мынау ӘЧ, ЧЛ, ЕЧ көрсеткен кезде көрсетілім демеушісі деп букмекерлік кеңселерді атап жатады. Ертең осы норма осы қалпында қабылданса, біздің қазақстандық көрермендер әлемдік деңгейдегі спорт шараларын көру құқығынан айырылып қалмай ма?
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
Мемлекет бюджетінен қаражат үнемдеу үшін басқа да арналарда олимпиада немесе Әлем чемпионаттарын тікелей эфирде көрсетуге мүмкіндік беруді қарастырамыз.
Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сонда бюджетті тиімді қолдану деген халықтан ақша алу ғой. Сол халық ажырасады. Суицидқа барады, сіздер трансляцияны көрсетесіздер, сол дұрыс деп тұрсыздар ма?
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
Ең алдымен халықтың ақшасы емес. Ең алдымен бюджеттік шығындарды азайту үшін. Екіншіден, біз ойламаймыз, уәкілетті орган ретінде егерде біз спорттық сайттарымызда шектелген жарнама көрсетсек, ертең біздің ажырасу үдерісі көбейеді деп ойламаймыз.
Ал, Елнұр Бейсенбаев ажырасулардың 40 пайызына лудомания себеп, деген. Әлемдік жарыстарды былай қойғанның өзінде елдегі спорт командаларының көбінің демеушісі – букмекерлер.
Ермұхаммед Мәулен, Қазақстан Футбол федерациясы президентінің кеңесшісі:
Қаншама клубтың өз серіктесі бар. Қаншама қаржы беріп жатыр. Ешкім демеуші болмайды, ешкім ақша салғысы келмейді. Ал, букмекерлік кеңсеге ол қызық. Жалпы, спорт пен бәс тігу ажырамас бір бөлік.
Бірақ, қай компания қанша бөлетіні құпия. Сондай-ақ, букмекерлердің табысына қатысты дерек те әр түрлі. Депутаттар былтыр олардың жылдық айналымы 1 трлн теңге десе, министрлік мәліметі басқа.
Әділет Тұрғынбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:
2023 жылы бұлардың жалпы айналымы 300 млрд-тай болды. Бірақ, бұл мына 9 айдың деректері.
9 айда 79 млрд теңге салық төлепті. Ол қаражаттың қалай жұмсалып жатқаны басқа тақырып. Ал, заң аясында тағы бір талқыға түскені «мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғаушылар мен әскерилердің бәс тігуіне тыйым салу». Бұл құқықты шектеу емес пе? Заңгер былай дейді:
Абзал Бекбосынов, адвокат, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі:
Өзінің тапқан дүниесін өз еңбегімен жаңағы бәсекеге тігіп оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ, ол мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін қолында мемлекеттің қаражаты тұрғаннан кейін, мемлекеттің бюджетінің ақшасы тұрғаннан кейін кім біледі ол азарт деген ол өте ауыр емделмейтін ауру.
Ерік Жанділдә, лудоманиямен күресіп жүрген блогер:
Мен бәс тіккіш судьяларды, әскери лауазымды адамдарды көп кезіктірдім. Олардың қол астында қызметкерлер бар. Соларға кесірі тиюі мүмкін. Мысалы, таксист пен күзетші ұтылса, отбасына ауыр. Ал, прокурор ойнаса қоғамға қауіп. Сондықтан, бұл талап дұрыс.
Заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымынан өтті. Баяндама жасаған Елнұр Бейсенбаев кейбір нормаға Үкімет қорытындысын алуға 1,5 жыл кетті, деді. Ал, 2 ай бұрын заңға қарсы топтар бар деген күдігін айтқан.
Әділет Тұрғынбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:
Бізде проблема неде болды. Компаниялар көбісі қарсы болды. Мысалы, букмекерлік кеңселердің ұстанымы қандай болды. Сіз бізге тиым салып жатырсыз, бірақ заңсыз интернет казиноға тиым салынбайды ғой. Яғни, оның да жаны бар.
Ермұхаммед Мәулен, Қазақстан Футбол федерациясы президентінің кеңесшісі:
Қазақстанда түгел букмекерлік кеңсені жабамыз, жоямыз жоқ, болды тазардық, сондай болатын болса еш қиындық жоқ. Ресей іргемізде тиіп тұр, Қытай деген толған букмекерлік кеңсе. Кез келген онлайн казиноны жұмысқа барып ашсаңыз, сол ашылып тұрады.
Қаржылық мониторинг агенттігі былтыр онлайн казино белгісі бар 4 мың сайтты бұғаттаған. Бірақ, орнына басқасы ашылады. Сондықтан, енді оларға ақша аударуға тыйым салынбақ. Алайда...
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Шет елдік казиноларға төленетін қаражат басқа кодтар арқылы аударылып отыр. Мысалы, ол төлемдерді интернет магазин сияқты, химчистка сияқты.
Демек, бұл заң елдегі букмекерлерді реттеуі мүмкін. Ал, онлайн казино мен бәс тігуге құмартқандар жолын біржола кеседі деу қиын сияқты.
Ерік Жанділдә, лудоманиямен күресіп жүрген блогер:
Тыйым сала беруден пайда аз. Бірақ, Үкіметтің проблеманы көргені қуантты. 3-4 жыл бұрын ешкім проблема санамайтын. Менің ойымша, бұл шектеулер қазіргі лудомандарды тоқтатпайды, бірақ көбеймеуіне ықпал етеді.
Ермұхаммед Мәулен, Қазақстан Футбол федерациясы президентінің кеңесшісі:
Еуропаның 80 пайызында букмекерлік кеңсе бар. Бірақ, біз ойлануымыз керек. Олар 1913 жылдан бері бәс тігіп келе жатыр. Бәс тігетін адамдардың да санасы дұрыс. Мысалы Норвич деген қалады тұрасыз Англияда. Сіз тек Норвичтің футболына барасыз, соның ойынын көріп келе жатқаныңызға 20 жыл болған. Норвичке ғана бәс тігесіз. Ал, бізде Боливия чемпионатынан бастап таңғы сағат 6-да Ватчу-Патуға бәс тігіп отыратындар бар. Бүкіл тапқан-таянғанын букмекерлік кеңсеге салып, мен лудоманмын деп өз-өзіне қол салмайды.
2022 жылы 3600 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың 700-іне лудомания себеп деген дерек те айтылды Мәжілісте.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Мен басында кеше өзімді бәс тігуден шектегенімді айттым. Бұл онлайн қызмет 1 ай бұрын іске қосылған. Бірақ, өзімді шектей тұра, бүгін емін-еркін бәс тіктім. Ал, соңғы дерек бойынша «EGOV mobile» арқылы 36 мың адам өзін шектеген. Осыдан кейін олар бәс тікпей жүр дегенге күмән туды. Демек, лудоманиямен күрес те заңды қабылдау ғана емес, оны іске асыру да оңай болмайтындай.
Аманкелді Сейтхан