Абай облысында да «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Оның шеңберінде «Жасыл аймақ» апталығы жарияланып орманды алқаптың көлемін арттыруға өңір тұрғындары белсене үлес қосуда. Бүгін «Семей орманы» табиғи резерватының «Жаңасемей» орман шаруашылығында 1 мыңнан астам адамның қатысуымен қарағай көшеттері отырғызылды. 12 гектар жерге 60 мыңға жуық жас өскін қолдан егілді.
Жалпы «Семей орманы» резерватында жасыл желектің көлемін жеделдетіп артыру үшін, тек биылдың өзінде 6 100 гектарға егу жұмыстары жоспарланған. Арнайы техникадан гөрі өскіндерді қолмен отырғызу өте тиімді. Сондықтан экологиялық шараға студенттер, еңбек ұжымдары мен қоғамдық ұйымдар ұйымдасқан түрде үлес қосуда.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:
Бесқарағай ауданында осы «Таза Қазақстан», «Жасыл аймақ» деген акцияларымыз жалғасуда. Бір реттік акция емес. Қазір тал егіп жатырмыз. Қала, аудандарымызды көркейтіп, абаттандырып, тазартып дегендей. Осындай жұмыстар жыл сайын өтеді. Себебі бізге жаңа мәдениетті, жаңа менталитетті құрып, қалыптастыру керек деп ойлаймын.
Болат Берекенов, «Жаңасемей» орман шаруашылығының директоры:
Бұл орманшылар үшін үлкен көмек болып жатыр. Алғыс айтамыз. Қанша жастар, ұжымдар келіп қарғайлы орманды қалыпқа келтіруге өлшеусіз үлес қосуда. Орманшылар өздері де мұндай жұмыстарды үздіксіз жүргіземіз. Бірақ бір мезетте үлкен алқаптарды осылай көп болып қамту өте тиімді. Қолмен мәпелеп отырғызылған көшеттер 90 процентке дейін тез тамыранып, өсіп кетеді.
Ержан Жақып