Тасқынның зардабын қалпына келтіру кезінде қаржы үнемдеуге болмайды. Жылдар бойы жиған қорымыз халық игілігіне жұмсалуы керек. Ал тасқыннан зардап шеккен кейбір ауылдар басқа жаққа көшіріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 33-сессиясында осылай деді. Биылғы кезекті сессияның «Бірлік.Жасампаздық. Өрлеу» деп аталуы бекер емес. Мемлекет басшысы тасқынға қарсы тұрып, қиын-қыстау сәтте бірлік танытқан жұртқа алғыс айтты.
Ассамблеяның осы жолғы отырысы онлайн өтті. Себеп – су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдай. Жалпы Президент биыл бірқатар ауқымды шараларды тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Тасқынның зардабын жою үшін мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі. Өйткені зардап шеккен азаматтарымыздың қалыпты өмірге тез арада қайта оралуын қамтамасыз ету бірінші кезектегі мәселе.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Президент ретінде тасқын зардабын қалпына келтіру кезінде ешқандай қаржыны аямаймын. Мен үшін ең бастысы азаматтарымыздың ахуалы. Түптеп келгенде біз бұл қаржыны халық игілігіне жұмсамасақ жылдар бойы не үшін жинадық? Сондықтан ең алдымен азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін.
Мұндай ауыр апат кезінде ел бірілігі сыналары анық. Ал Қазақстан халқы сын сағатта жұрт болып жұмыла білді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын.
Бірлік пен достықты жалау еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы да мойындарына жүктелген міндеттерін мінсіз атқара білді.
«Жүректен жүрекке» акциясы аясында 1,5 мың тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. 39 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Александр Урмашов, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» ұйымы өкілдігінің төрағасы:
Су тасқыны енді басталған кезде Қарғанды облысы, Шет ауданына ең бірінші болып, Ассамблея атынан гуманитарлық көмек жетті. Мен осы сәтте қазақстандықтардың бірлігін сезіндім. Өз жерімде жағдай тұрақтала сала волонтер ретінде Солтүстік Қазақстанға аттандым.
Акбаржон Исмаилов, Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы:
Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей қазір Ассамблея меценаттары зардап шеккен елдімекендерді қалпына келтіру жұмыстарына да кірісіп кетті. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысына 14 вагон цемент жөнелтілді. Және 5 жаңа үй тұрғызып беру жұмыстары басталғалы жатыр.
Апат айтып келмейді. Бірақ, қайтып келеді. Сондықтан болашақта осындай жойқын тасқындардың алдын алу үшін мемлекет пен ғылым ықпалдастығын қайта түзілетін болды. Осылайша Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылады. Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшейеді. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта құрылады. Елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды. Сондықтан Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда 134 елдімекенді су басу қатері едәуір азаяды.
Әр қиындықтың қайыры бар. Көп ұзамай қарғын су кетіп, жұрт күнделікті өмірге оралады. Тасқын су халқымыздың бірлігі мен тұтастығын арттыра түсті. Біз бұл сынақтан бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенімдімін. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оңғар Алпысбайұлы