Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен ұлттық құрылтайда Талдықорғандағы әуе базасына екі мәрте кеңес одағының батыры Сергей Луганскийдің есімін беруді ұсынған болатын. Бүгінде 27751 әскери бөлімінде тапсырманы орындау мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Әріптесім Қуаныш Қанатұлы зеңгір көкті бағындырған ұшқыштардың қызметін көріп келді.
Талдықорған әуе базасында қызмет ету абыройлы міндет. Себебі әуе қорғаныс күштерінің арасында бұл әскери бөлім үздіктер қатарында. Ақтөбеде әскери инситут тамамдаған әрбір ұшқыш алдымен осында шыңдалуды армандайды, мақсат қояды. Солардың бірі Вячеслав Чабанов.
Вячеслав Чабанов, ұшқыш:
Үлкен талаптар қойылады. Денсаулығың мықты болу керек. Сабақты бес пен төртке оқуың керек. Және де спорт жағынан өте шымыр өзіңді озат әрқашанда озатты болып көрсете білуің керек.
Әскери бөлім 1970 жылы құрылған. Содан бері мұндағы ұшқыштар еліміздің көк аспаны күзетіп, қазақстандықтардың тыныш ұйқысының кепілі. Қазір мұнда негізінен СУ-30 СМ көпфункциялы жойғыш ұшақтары қолданыста.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Талдықорған әуе базасындағы бұл жойғыш ұшақтардың аспанда ұрыс жүргізу мүмкіндігі өте зор. Тіпті бір орында қалықтап тұрып та нысаналарды дөп көздей алады. Әскери ұшқықтар әуе кемелерінің мүмкіндіктерін бізге арнайы көрсетті.
Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған Сергей Луганскийдің есімін беру туралы ұсынысты әскерилер ерекше ықыласпен қабылдады. Қазір тиісті мекемелермен құжаттарын рәсімдеп жатыр. Жалпы бұл әуе базасында еліміздің басқа да ұшқыштары келіп, тәжірбие алмасады.
Әбдімәжіт Жанахметов, 27751 әскери бөлімінің командирі:
Авиациялық базаның ұшқыштарынан басқа, басқа өңірден Ақтаудан келіп, Қарағанды, Шымкент әскери базасынан ұшқыштар келіп осынан өзінің ұшу шеберліктерін шыңдатып жатыр.
Әуе базасында оқу-жаттығулар үздіксіз өтіп тұрады. Әсіресе ұшқыштар үшін түнгі уақытта және қолайсыз ауа райында әуеге көтеріліп, тапсырма орындау маңызды.
Қуаныш Қанатұлы