Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары уақытша вагондарда тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары уақытша вагондарда тұрып жатыр

16.04.2024
Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары уақытша вагондарда тұрып жатыр

Баспаналары суда қалған ауыл тұрғындары уақытша вагондарда тұрып жатыр. Ақтөбе облысы, Темір ауданына қарасты Құмсай елдімекеніндегі 75 үйдің 41-іне залал келген еді. Оның 27-сі тұруға жарамсыз. Тұрғындар су келген кезде құжаттарын ғана алып, малдарын қауіпсіз аумаққа шығарып үлгерген. Елді мекеннен 200-ге жуық адам эвакуацияланған еді. Су кеткеннен кейін барлығы ауылдарына оралды. Жақын аумақта орналасқан мұнай компанияларының бірі оларға 31 вагон әкеліп берген. Ішінде жарығы, жылуы бар.

Мейрамгүл Баймағамбетова, Құмсай ауылының тұрғыны:

«Қиын жағдайға тап болып жатқандар бар, адам жоғалып кетіп жатқан жерлер бар. Оған қарағанда шүкіршілік етеміз.Бәріміз аманбыз, малымызды уақытылы шығарып үлгердік, әйтеуір. Басында уақытша жүрдік тумаларымыздың үйінде. Содан кейін осындай вагон жеткізіп берді».

Тұрғындар бұл вагондарды жаңа үйлер салынғанша пайдаланады. Ауыл әкімінің айтуынша, құлаған, зақымданған нысандардың зерттеу және бағалау актісі жасалған. Енді жаңа баспаналардың ауылдың қай тұсынан салынатыны анықталады. Одан бөлек елді мекеннің сыртына қорғаныс бөгетін салу жобасы да қарастырылып жатыр.

Мәди Сүйінішалин, Саркөл ауылдық округінің әкімі:

«Бюджет қаржысына салынатын үй келесі жылы тағы суға кетіп қалатын болса, жауапкершілік бар. Сондықтан ойлап отырмыз, алдымен үй салатын орынды белгілеп берсе... Бір типті деп айтты. Екі пәтерлі және бір пәтерлік деп отыр, 80 кв метр. Сондай үй барлығына бірдей салынатын болады».

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу