Петропавлда апта бойы ахуал қиын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда апта бойы ахуал қиын болды

14.04.2024

Атырау облысындағы Құлсарыда 8 күн бұрын жоғалып кеткен әкелі-балалының денелері табылды. Бүгін таңертең алдымен әкесінің, түстен кейін баласының. Ер кісі 47-де болған, баласы 24-ақ жастағы жігіт...

Төтенше жағдайлар департаменті «олар суға батқан үйін рұқсатсыз көруге кетіп, эвакуациялық орталыққа оралмаған» деп түсінік берді. Жоғалған бойда іздегендерін айтады.

Ахуал алаңдатарлық бірнеше аймақтағы жағдайды білуге тырысайық. Алдымен Солтүстік Қазақстан облысында жүрген Амангелді Сейітханға сұрақ қойсам: Петропавл қаласында тасқынның шарықтау шегі бүгін түнде болуы мүмкін деген болжам бар. Ситуация қалай?

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Петропавлда апта бойы ахуал қиын болды. Бүгін де күрделі. Өйткені, биылғы тасқын бұрынғыдан басқа. Себебі, өткен жылдары су келгенге дейін өзендегі мұздар еріп кететін болған. Ал, биыл сумен бірге ауыр мұздар ағып келді. Олар жолдағының бәрін жайпап, тіпті электр бағандарын да құлатып кетті.
Соның салдарынан облыс орталығында 2 күн ауыз су болмады. Жарық өшті.

Халық көлікпен тасымалданған суға ұзын-сонар кезекте тұрды. Ал «Қызылжар» су сорғысына тоқ жеткізіп тұрған бағандарды мамандар қауіпті жағдайда жүріп, қайтадан орнатуға, судың ішінде жатқан сымдарды жалғауға тырысты. Сондай жұмыстар нәтижесінде кеше су берілді. кеше бір тәулікте мыңнан астам үйге су кірді.

Ерік Сарыбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

Осы судың келе жатқанының есебін біліп алдын ала бөгеттерді биіктету жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда, мұз кептелістері аталған бөгеттерге қатты соққы болып, олардың бұзылу жағдайлары тіркелді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Тасқын су облыстағы 67 жолды басып өткен. Соның 4-і республикалық. Қаладан Астанаға шығатын жолдың өзі биіктігі 60 cм-дей судың астында қалды. Сондықтан ол жерден тек жүк көліктері кезекпен өткізіліп жатыр.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Жол қашан ашылатыны белгісіз. Бүгін облыстық жедел штаб басшысы тасқынның шарықтау шегі түнде болады деді.
Яғни, ертең қаланың маңында су деңгейі түсе бастауы мүмкін. Бірақ, ол су енді Қызылжар ауданына қарай ойысып, жолда Вишневка, Ольшанка, Соколовка, Якорь, Вагулино сияқты ауылдарды басуы мүмкін. Ол жақтың эвакуациялануы тиіс.

Ал жалпы тасқын басталғалы 4500-дей адам қауіпті аймаққа көшірілген. 1700-дей үйге су кірген.

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу