«Біз Ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады». Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында осылай дей келе, әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды екендігін айтты. Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамытудың бес бағыты бойынша Үкіметке қадау-қадау тапсырмалар берді.
Қарғын судың қарқыны бәсеңдемей тұр. 80 жыл болмаған сел тұтас елді діңкелетіп тұр. Президент ілімнің ізін шолмас бұрын, тасқынға тосқын болар қарекетті қаузады. Тиісті тапсырмалар беріліп, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз,- деді мемлекет басшысы. Жаһандық климаттың келбеті бұзылып, табиғи апаттар айтып та, қайтып та келіп жатыр. Ал, онымен күресудің күре жолы – апатты алдын ала болжай білу. Бұл міндет –ғылымның еншісіндегі іс. Хош, прзеидент сөз басында тасқынға кеңінен тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ал су тасқынына оралсақ, алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс.
Ғылымның ауасы факті дейміз. Факті сол соңғы жылдары ғылым саласына ден қойылып, дем беріліп жатыр. Ұлттық ғылым академиясы мемлекеттік мәртебеге ие болды. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Қазір ғалымдардың жалақысы екі есе көбейген. Президент отандық ғылымды дамытудың бес бағытын айқындап, тапсырмалар берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
БІРІНШІ мәселе. Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды. Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет.
Екінші бағыт – ғылымның экономикалық сатылап дамуына тигізер оң ықпалын арттыру. Тағы бір бағыт – жасанды интеллектіні дамыту болса, төртіншісі – университет ғылымын дамыту және ғылыми инфрақұрылым саласындағы қордаланған мәселелерді шешу. Бағыттардың кенжесі –кадрлардың әлеуетін көтеру.
Дихан Қамзабекұлы, «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры:
Ұлттық ғылым комиссия кеңесінің осындай үлкен деңгейде өтуі еліміздің ғылымын, ғылым саласында маман даярлауды, табиғи техногендік сын қатерлерден құтылу немесе еңсерудің жолын көрсетті. Президент қадау-қадау ойлар айтты. Оның біріншісі –біз жаңа арнада жаңа әлеуетпен құра білуіміз керек.
Президент Үкіметке экономиканың жаңа моделін жасауға тапсырма берді. Отандық ғылым ұлттық экономиканың дамуына қызмет етуі керек. Мемлекет, ғылыми қауымдастық пен бизнестің әріптестігі отандық ғылымның әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Президент елдің технологиялық және ғылыми-инновациялық егемендігін нығайтуға қажетті шараларды қолға алу керектігін айтты. Қазір Президент тапсырмасымен қолға алынған суперкомпьтерге арналған қазақ тілі моделі жасалып жатыр. Бұл – цифрлық саладағы егемендікті қамтамасыз етіп, мемлекеттік тілдің дамына мықты серпін береді. Ғылым салаларын дамыту үшін әуелі ғалымға жағдай жасау керек. Қасым-Жомарт Тоқаев «қазір жас ғалымдардың заманы туды» деп атап көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер. Мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуымыз керек. Ғылымға қызығушылықты мектептен бастап оятқан жөн.
Президент қажет болса, арнайы құжатты дайындау керектігін айтып, ғылым және жоғары білім министріне осы мәселені пысықтауды тапсырды. Оның үстіне, қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл заң ғылымның дамуына серпін бермек. Қорыта айтқанда, Сәтбаев салған сара жол үзілген жоқ.
Азамат Бейбітұлы