Семейде «Таза Қазақстан» акциясы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде «Таза Қазақстан» акциясы басталды

11.04.2024

Семейде «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Кәсіпорындар, қала тұрғындары мен белсенділер шаһардың шырайын ашу үшін абаттандыру жұмыстарын жұмыла атқарып жатыр. Облыс орталығы болғалы қаланың ажары кіріп, жол салынып, аулараларды қалыпқа келтіру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр.

«Таза Қазақстан» акциясына Семейде 3 мыңнан астам кәсіпорын, 10 мыңнан аса тұрғын үлес қосқан. Әсіресе шаһардың шеткі аудандарына көңіл бөлінді. Соңғы жылы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыруға да мән беріліп отыр. Тозығы жеткен балалардың ойын алаңдары жаңартылып, тал егіліп, есік алдындағы ескірген асфальт ауыстырылып жатыр.

Фарида Қанарбаева, Семей қаласының тұрғыны:

Күн жылы болған кезде біраз жұмыстарды істеп тастағанбыз, аулаларымызды тазартып. Қазір соны әрі қарай жүргізіп жатырмыз. Біздің тұрғындарымыз шығып ауланы тазалап, бірталай тал отырғызып тастадық. Тағы отырғызамыз. Қаланы қарап тұрсаңыздар тазаланып қалған. Енді мына аулаларды жасағаннан бері қаламыз кішкене жақсарды.

Мұхаметәлі Жылқышынов, семей қаласының тұрғыны:

Өзгерістер бар. Осындай аулалар салып жатыр. Жолдарды міне бәрін асфальттап жатыр. Өзіміздің ауламызды таза ұстайық деп, көршілер шығып жұмыс істеп жатырмыз.

Экологиялық акция мамыр айының соңына дейін жалғаспақ. Облыс орталығынан бөлек аудан, ауылдарда да жаппай тазалық жүріп жатыр.

Арайбек Хамзаев, Семей қаласы әкімінің орынбасары:

 80 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Бұл сенбіліктер тоқтатылмайды. Қала бойынша бұл сенбіліктер үнемі жүргізіліп отырады. Қала аумағында аула абаттандыру бағыты бойынша 46 ауланы абаттандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Сонымен қатар 4 қоғамдық кеңістікті қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Биыл Семейде 40 көше жөнделеді. Жұмыс қазірден басталып кетті. Мемлекеттік бюджеттен қоғамдық орындар мен аула аумақтарын абаттандыру үшін арнайы қаражат қарастырылған.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу