Президент ШЫҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ШЫҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесті

03.04.2024

Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер «Үш зұлым күшке» бірігіп, қарсы тұру керек. Мемлекеттеріміздің шырқын бұзатын терроризм, экстремизм және сепаратизм әрекеттерінің белең алуына жол беруге болмайды. Ұйымға мүше елдердің қауіпсіздік кеңесінің хатшыларымен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Одан бөлек Мемлекет басшысы ынтымақтаса атқарылатын әр жобаны арнайы бағдарлама етіп бекітуді ұсынды.

Қазір әлемде террорлық актілердің сейілмегені өз алдына, олар түрленіп, бұрынғыдан бетер қауіпті бола түсті. Сондықтан біздің тарапымыздан анағұрлым жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқауіпсіздік сын-қатерлеріне қарсы күрес Қазақстанның ұйымға төрағалық ету кезеңіндегі ең негізгі басымдықтардың бірі саналады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен жылы әлемде өңірлік және жергілікті деңгейде 183 қақтығыс болды. Жанжалдардың саны шамамен 30 пайызға артқан. Бұл – соңғы отыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ең бастысы, болған істен дұрыс қорытынды шығарып, нақты шаралар қабылдау керек. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, террорлық қауіп-қатерлерге лайықты төтеп беруге тиіспіз.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта Терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-27 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын және 5 жылдық жұмыс жоспарын қамтитын есірткіге қарсы стратегия қабылдау маңызды екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен мемлекеттердің тату өмір сүруін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуды ұйымға төрағалығының басымдығы ретінде атады. Сондықтан біз ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеп, қабылдауды ұсындық. Қазақстан тарапы осы аса маңызды құжаттың жобасын талқылау барысында аталған мәселеге дипломатиялық тұрғыдан қарауға дайын.

Жалпы бұл ұйымның мақсаты да мүддесі де ауқымды. Онда экономикалық ынтымақтастық, инвестициялық саясат, мәдениет, гуманитарлық байланыстар саласындағы ықпалдастық және басқа да көптеген мәселе қамтылған.

Сяохун Ван, ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрі:

Қазақстан Шанғай ынтымақтастығы ұйымының төрағалығын қабылдап алғаннан бері Бірқатар ірі әрі маңызды шараларды ұйымдастырды. Осылайша Ұйымның тұрақты дамуына үлкен үлесін қосып келе жатыр. Маусым айында Астанада болатын саммитте де өте маңызды мәселелер көтеріліп, ынтымақтастықты арттыруды жолдары талқыланады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігімен қатар таяу шығыстағы тұрақтылықты күн тәртібінен түсірмеуді ұсынды. Дүниежүзі халқының тең жартысының атынан әрекет ететін біздің Ұйым қауіпсіз әрі әділетті әлем құру формуласын ұсына алатынына сенімдімін, – деді Президент.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу