Өткен аптада Мәскеуде болған теракті бізді де ойландырып тастады. Лаңкестік топтардың құйтырқы операцияларының жолын кесу қиын екені түсінікті. Бірақ, «Крокус Сити Холлдегі» қайғылы оқиға кезінде қаза тапқандардың үштен бірі тікелей лаңкестер қолынан көз жұмса, қалған адамдар содан кейінгі дүрбелеңде опат болған. Яғни, ғимарат өртенгенде адамдар қайда қашарын білмеген... Кейбір апаттық есіктер жабық болған,куәгерлер өртке қарсы автоматты жүйе істемей қалғанын да айтып жатыр. Алдын-ала ескертілсе де қамсыз болған арнайы қызметтерінің, жалпы терактіден кейінгі реакцияларының сыйқы ол енді кіжіндіретін басқа әңгіме...
Ал, еліміздегі ірі сауда орындары мен концерт залдары төтенше жағдайларға қаншалықты дайын. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха сәуірден бастаптексерілетінін айтты.
Игорь Лепеха теракт болған жағдайда үрейге бой алдырмай, мүмкіндік болса, бірден жасырыныңыз, батыр болуға тырыспаңыз десе, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым адам көп жиналатын шараларды өткізудің алгоритмін реттеу керек,-деді. Кім реттейді? Жалпы, бар ма, іс-қимыл алгоритмі?
Ал «Работник культуры» деген телеграм-каналдың авторы Степан Ботарев теракті және төтенше жағдай кезінде не істеу керегіне қатысты бірнеше кеңес берген. Солардың бірнешеуі мынадай:
-Адам көп жиналатын жерге барарда төтенше жағдайлар қызметінің және жақын адамдардың нөмірлерін қағазға жазып алып, киімнің қалтасында сақтау;
-Лаңкестер әрекетін телефонға түсіруге тырыспау. Бұл өмірге қауіпті, уақыт да алады;
-Ұялы телефон немесе басқа құнды затты ұмытсаңыз, артқа қайтпау;
-Қашқанда ашық жермен жүгірмеу;
-Өрт болса бірден еденге жату. Себебі, түтін төбеге көтеріледі;
Әрине, үрейге бой алдырма деу – оңай. Алайда өткенде жер сілкінсе, не істеу керегін білуіміз керек деген сияқты, беті аулақ дегенмен, мұндай жағдайларда да қалай әрекеттену қажет екенін екі жердегі екі төрт екенін өмірі ұмытпайтынымыз сияқты миға тоқып алған абзал.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы 1 наурызда іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасына тоқталған-ды. Сонымен бірге ауыл және аудан орталықтарының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы қолға алынатынын айтқан.
Негізі мемлекет тарапынан берілетін түрлі ипотекалық бағдарламалардың арқасында мыңдаған отбасының баспаналы болғаны, тиісінше, «өз үйің - өлең төсегіңе не жетсін!» дейтін халық үшін шарапаты тигені рас. Бірақ «бірақ» та көп. Мысалы, 7-20-25 бағдарламасының лимит енгізілгелі бері мәні кетті дейді бір қауым. Лимит сатылады деген күңкіл естідік. Дәлел болмағасын, солай деп анық айта алмаймыз. Қақымыз жоқ.
Тұрғын үй бағдарламаларына қатысты мәселелерді Данияр Қайыртай жіктеп береді.