Президент Боао Азия форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Боао Азия форумына қатысты

28.03.2024

Әлемге әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделген жаңа әрі көпжақты сауда жүйесі керек. Қытайда өтіп жатқан Боао Азия форумында Президент осындай мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы сары құрлық әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күші болатынын айтты. Форумға әріптесім Шерхан Жамбылұлы да қатысып жатыр. Шерхан жиында Президент тағы қандай мәлімдемелер жасады?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Президент – Боао форумының ең басты қонақтарының бірі. Мемлекет басшысы жиынның негізгі сессияна қатысып, алғашқылардың бірі болып сөз сөйледі. Мемлекет басшысы орнықты дамудың жаңа дәуіріне қадам басар тұста сары құрлық көш бастап тұрғанын айтты. Биыл Азия елдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсіміне қол жеткізеді деген болжам бар. Дүниежүзілік сауданың 53 пайызы осы құрлыққа тиесілі. Бұны Президент «Азия ренессансы» деп бағалады. Мемлекет басшысының пікірінше жаһан экономикасына күрделі өзгерістер қажет. Президент сөзіне назар салсақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы онжылдықтың ортасына қарай жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылда ең төменгі деңгейге түсетіні айқындала бастады. Сонымен қатар жетекші елдер арасындағы сауда қатынастарының шиеленісуі – әлі де әлемдік экономиканың алдында тұрған негізгі сын-қатерлердің бірі. Протекционизм саясаты мен сауда дауларының ушығуы жаһандық жеткізу тізбегін бұзып, экономикалық өсімді тежейді, сондай-ақ инвесторлардың сеніміне селкеу түсіреді. Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек екені анық. Бұл мәселені шеше алмасақ, таяу онжылдықтағы мүмкіндіктер қолымыздан сусып кетуі әбден ықтимал.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа да тоқталды. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ доллары болған. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. Ал, Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз дейді Президент. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтуға шақырды. Мемлекет басшысы сөз соңында осы жиын қатысушыларын маусымда өтетін Астана экономикалық форумына шақырды. Ал, дәл қазір Мемлкет басшысы бірқатар халықаралық ұйымдар мен ірі компания басшыларымен кездесу өткізіп жатыр.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу