Пан Ги Мун: АЭФ - жаһандық сын-тегеуріндерді еңсеретін жиын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пан Ги Мун: АЭФ - жаһандық сын-тегеуріндерді еңсеретін жиын

17.05.2018

Астана экономикалық форумы аясында Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші Бас хатшысы, Боао Азия форумы кеңесінің төрағасы Пан Ги Мунмен кездесті. Мәртебелі мейман Астана экономикалық форумына «жаһандық сын-тегеуріндерді еңсеретін жиын» деп баға берді. Және өзі төрағалық ететін Боао Азия форумымен арадағы ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады. Тараптар сондай-ақ, «жасыл» технологияларды дамыту, ғылым-білім, инновация саласында байланыс орнату жөнінде әңгімелесті. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіз Қазақстанда бірнеше рет болдыңыз. Біз ядролық қарусыздану бағдарламасы бойынша бірлесе жұмыс істедік. 29 тамыз бүкіл әлемде Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде атап өтіледі. Сізбен және Корея Республикасымен арамызда өте жақсы достық қарым-қатынас қалыптасты.

Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші Бас хатшысы, Боао Азия форумы кеңесінің төрағасы:

- Қазақстанға жаңа қызметімде алғаш рет келіп отырғаныма қуаныштымын. Жаһандық көптеген проблемалар бар, мен оларды шешу үшін қолдау көрсетуге әзірмін. Астана экономикалық форумы тек қазіргі өзекті тақырыптарды ғана емес, сондай-ақ, жаһандық дамудың келешектегі мәселелерін де талқылауға арналған алаңға айналып отыр.

Елбасымен жеке жүздескендер арасында Францияның экс-президенті, Франция Конституциялық Кеңесінің мүшесі Франсуа Олланд та болды. Оның билік басында отырған кезде Қазақстанмен арадағы байланысты дамытуға қосқан үлесін Нұрсұлтан Назарбаев жоғары бағалады. Сол байланыстың бүгінде нығайғанына, әсіресе, «жасыл» технологиялар саласындағы ықпалдастықтың артып келе жатқанына тоқталды.

Ал, «Apple» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Вознякпен болған кездесуде тараптар  криптовалюталар төңірегінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Қазақстан есеп айырысу кезінде ұлттық валютамен қатар, басқа да валюталарды пайдаланатынын атап өтті. Сондай-ақ, тараптар цифрландырудың жекелеген мәселелерін және криптовалюталарды дамыту перспективаларын талқылады.

«Цифрлық экономика» атауын ТМД аумағына алғаш боп алып келген Аркадий Волож да Елбасы қабылдауында болды. Бүгінде «Яндекс» компаниялар тобының жетекшісі болып қызмет ететін ол - Қазақстанның тумасы. Президент цифрландыру саласында ресейлік компаниялармен бірлесіп жұмыс жүргізу аса маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар, IT хаб және «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясындағы ынтымақтастықты сөз етті.

Шынар  АСАНҚЫЗЫ        

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу