Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия форумына қатысты

28.03.2024

Әлемге әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделген жаңа әрі көпжақты сауда жүйесі керек. Қаржы жүйесінде тек таңдаулылар ғана пайдаға кенелмей, барлық елге тең мүмкіндік берілуі тиіс. Қытайда өтіп жатқан Боао Азия форумында Президент осындай мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы сары құрлық елдерін көлік-транзит желісін дамытуға үндеп отыр. Қытайдың Хайнань аралында өтіп жатқан форумнан әріптесім Шерхан Жамбылұлы баяндайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Боао. Қытайдың ең түстігіндегі Хайнань аралында орналасқан шағын елдімекен. Теңіздің тұнық суы мен тұмса табиғаты және шуақты күн райымен танымал курортты аймақ. Туристер ағылатын аралға бұл күндері саясаткерлер жиналып, жахандық мәселелерді талқыға салып жатыр.

Боао Азия форумы – бұл шығыстың Давосы. Азия аймағының ақылдасатын алаңына айналған. 29 ел мүше. 2001 жылы құжаты бекіп, биыл 23-ші рет сары құрлықтың көшбасшыларын шақырып отыр. Форумдағы басты мейманның бірі - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Биылғы басқосудың ұраны Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік. Ал басымдық жасыл технологияға беріліп отыр. Тіпті, жиын өтіп жатқан ғимараттар толықтай күн мен желден қуат алады. Қатысушылар да оған үлес қосып жатыр.

Жиынға жер жүзінен 5 мыңнан аса адам арнайы келген. Ел басшылары, халықаралық ұйым төрағалары, ірі компания иелері мен сарапшылар. Мыңнан аса журналист ақпарат таратып жатыр.

Президент алғашқылардың бірі болып мінберге шықты. Өз сөзін әлемдік экономикадағы негізгі түйіткілден бастады. Алып елдер арасындағы сауда текетірестері жахан экономикасын тежеп тұр. Ортақ мәміле, жаңа жүйе керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы онжылдықтың ортасына қарай жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылда ең төменгі деңгейге түсетіні айқындала бастады. Протекционизм саясаты мен сауда дауларының ушығуы жаһандық жеткізу тізбегін бұзып, экономикалық өсімді тежейді, сондай-ақ инвесторлардың сеніміне селкеу түсіреді. Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек екені анық.

Иә, қазір азия елдерінің қарқыны қатты. Дүниежүзілік сауданың 53 пайызы сары құрлыққа тиесілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемдегі ірі 30 қаланың 21-і Азия құрлығында орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың тұтыну көлемінің өсімі 30 триллион доллар болмақ. Болжам бойынша оның 1 триллион доллары ғана батыс экономикасына тиесілі. Осы факторлардың барлығы мұның «Азия ренессансы» екенін көрсетеді.

Әрине, құрлықтағы қуатты ел - Қытай. Қазақстан шығыстағы көршімен сенімді серіктестік орнатқан. Алыс-беріс былтыр 41 миллиард АҚШ долларынан асты. Жүк тасымалы 22 пайызға артып, 30 миллион тоннаға жетті. Қазақстан шығыс пен батыс арасындағы негізгі көпір.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз инвестициямыз да «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұрылым құруға бағытталған.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтуға шақырды. Бұл орайда транскаспий халықаралық көлік дәлізінің рөлі үлкен. Былтыр осы бағыттағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Таяу уақытта ол үш есе артады деген болжам бар. Президент сапары жалғасып жатыр. Бүгін-ертең ірі компания басшылары мен халықаралық ұйым төрағаларымен кездеспек.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу