Парижге жолдама алған пара волейболшылардың дайындығы қалай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парижге жолдама алған пара волейболшылардың дайындығы қалай

19.03.2024

Пара волейболшыларымыз - Сары құрлықтағы ең мықты екі команданың бірі. Жігерлі жігіттеріміздің Жазғы Паралимпиада ойындарына дайындығы қалай, басты қарсыластары кімдер екенін анықтап білген едім. 

Қаракөз Тұрмағанбет, Тілші:

Отырып ойнайтын пара волейболдан ұлттық құрамамыз былтыр өзімізде өткен Азия чемпионатында да, Ханьчжоудағы Азия ойындарында да Қытай құрамасын 3-2 есебімен ұтты. Осылайша алғаш рет Паралимпиада ойындарында өнер көрсетуге жолдама алды.

Бауыржан Тахауов, отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрама бас жаттықтырушысы:

Жиырма сегіз жыл дегенде қолымыз жетіп отыр ғой. Күніне осы екі мезгіл тренировка жасап, ай сайын 15 күннен одан қалды шетелдерге барып, бірігіп оқу-жаттығу жиынын өткізе береміз.

Бауыржан Сартаев, отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрама капитаны:

Жақында Америкада бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп келдік. Ол жердің де командасы бүгінгі таңда жақсы. Негізгі қарсыластарымыз – Қытай, Иран құрамалары.

Франция төрінде әр құрлықтың кіл мықтысы жиналғалы жатыр. Біздің жігіттер де осал емес. Ұлттық құрамадағы ойыншылардың барлығы – халықаралық спорт шебері. Солардың бірі – 19-шы нөмірде өнер көрсететін 18 жастағы Ерасыл Әбдібек.

Ерасыл Әбдібек, отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрама ойыншысы:

Кубок мираға қатыстым. Азияға қатыстым. Қазақстанда болған лицензионный. Құдай қаласа, Парижге баруға тырысамын.

Бауыржан Тахауов, отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрама бас жаттықтырушысы:

Ұлттық құрама сапында 18 ойыншы бар. Соның 12-сі Паралимпиада ойындарына барады. Бақ пен бабы келіп тұрса, жігіттер жүлделі орынға ілінеді деген ойдамыз.

Париждегі Паралимпиада ойындарында ұлттық құрама Бразилия, Босния және Герцеговина, Германия, Франция, Мысыр, Иран командаларымен шеберлік сынасады. Соңғы лицензиялық жарыс қорытындысы бойынша, яғни сәуірдің 2-8 аралығында Қытайда өтетін сайыста тағы бір қарсылас команда анықталмақ.


Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу