Ақтөбеде жүзден астам құрылысшы 4 айдан бері еңбекақысын ала алмай жүр. Олар облыс орталығында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған көп қабатты үйлердің ішін әрлеумен айналысқан. Ал құрылыс компаниясының оларға берешегі 135 миллион теңгеден асып кеткен. Жұмысшылар бұған дейін серіктестік басшылығынан еңбекақы талап етіп, бірнеше мәрте барыпты. Бірақ, нәтиже болмаған. Айтуларынша, әрқайсысының алажағы 500 мың теңгеден бастап, 2-3 миллион теңгеге дейін барады.
Ақылбек Сағидоллаев, құрылысшы:
«Үш ай болды күтіп келе жатқанымызға. Олардың айтатыны әлі салынбаған үйге ақшаны күтіп отырмыз дейді. Сонда олар ойламай ма екен, 2-3 ай бойы біз не істейміз деп, бала-шағамызды қалай асыраймыз деп?»
Тоғыз қабатты бұл үйлердің құрылысы толығымен былтыр жыл соңында аяқталған. Әкімдік қабылдап алған. Серіктестікке қаржы толықтай аударылыпты. Компания басшысының орынбасарына хабарласқанымызда, ол қаржының келесі үйдің құрылысына қажетті материал алуға жұмсалғанын айтты. Енді бұл мәселемен Еңбек инспекциясы айналысып жатыр. Құрылысшылар өздеріне тиесілі ақшаны ай соңына дейін алуы тиіс.
Талғат Есқарин, Облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары:
«Жақын арада тексеріс болып, анықтаған жағдайда нұсқама беріп, айыппұл салып, үстемесімен қоса алып беруге әрекет жасаймыз»
Жақсыбек Кемал