Ұлттық құрылтайдың секциялық отырысында, баланы кітап арқылы тәрбиелеу ұсынылды. Ол үшін елдегі баспалардың жұмысын жандандыру керек. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, баспаларға субсидия беріп, салығын төмендеткен жөн. Бұл/ олардың жұмысын жеңілдетіп, кітап сапасына оң әсер етпек. Депутат қазір осы бағытта арнайы заң жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Кітапхана жұмысының жаңа мазмұны, кітапханашылардың мәртебесін көтеру, сонымен қатар кітапхана ісінің жұмысын жаңа деңгейге көтеру, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру сынды проблемалардың барлығы сол заң жобасы аясында шешімін табады деп айтқым келеді.
Отбасылық зорлық-зомбылық: Мәселе заңмен ғана шешілмейді
Ал депутат Наталья Деменьтева, Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан, бала тәрбиесі, сондай-ақ отбасылық құндылықтар насихаттайтын «Адал азамат» арнайы бағдарлама әзірленіп жатқанын айтты. Ол жуырда Мәжіліс қарап, Сенатқа жолдаған Отбасылық зорлық-зомбылықпен күресуге арналған арнайы заң жобасына тоқталды. «Заңмен ғана мәселені шешу аздық етеді», - дейді депутат.
Наталья Деменьтева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Бір заңмен мәселені шеше алмаймыз. Бұл жерде үлкен жұмыс керек. Идеологиялық жұмыс керек. Отбасыдағы екі адамның арасындағы қатынасты өзгерту арқылы, одан кейін мектептен бастауымыз керек балаларға дұрыс тәрбие беру арқылы. Одан кейін бүкіл қоғамда, ақпараттық жағынан да, бағдарламалар жағынан да үлкен бір насихаттайтын жұмыс болуы керек.
Нұрсұлтан Тілектес