Алматыда «Мечта» тұрғын үй кешені сүріліп жатыр. Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, бұл жер учаскесінің нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй салу болған. Осылайша, құрылыс компаниясы қала тұрғындарына жалған мәлімет беріп, пәтерлерді сатуды жоспарлаған.
Бұған дейін басқарма Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен бірлесе кешенге жоспардан тыс тексеру жүргізген. Обсерватория көшесінде орналасқан бұл нысанды сүру туралы тергеу жұмыстары 2022 жылдан бері жалғасып келеді. Бастапқыда компанияға заң бұзушылықтарды қалпына келтіру бойынша бірнеше рет ескерту берілген. Алайда, тапсырыс беруші оны орындамаған. 2023 жылдың 20 шілдеде Алматы қалалық сотының шешімімен нысанды бұзу туралы талап қанағаттандырылған. 2024 жылы 30 қаңтарда Жоғарғы соттың қаулысымен Алматы қалалық сотының бастапқы объектіні бұзу туралы қаулысы өзгеріссіз қалды. Айта кетсек, бұл тұрғын үй кешені әкімдік тарапынан сатып алуға ұсынылмайтын таулы аймақтағы 54 нысанның тізіміне кірген.
Дәурен Тұрысбеков, қалалық қала құрылысын бақылау басқармасының бөлім басшысы:
Бұл тұрғын үй кешенінде көптеген заң бұзушылықтар орын алған. Тексеру кезінде рұқсат қағаздары болмағаны анықталды. Кешен бастапқы жобадан ауытқыған. Құрылысты жүргізген компания бұған дейін айтылған басқарманың ескертуін елемеді. Енді нысан толық сүрілетін болады.
Қуан Нұрақын