Брюссельде Бельгия - Қазақстан кәсіпкерлерінің бизнес форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде Бельгия - Қазақстан кәсіпкерлерінің бизнес форумы өтті

13.03.2024

Бельгиялық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына қаржы құюға ниетті. Бизнес өкілдері ынта-ықыластарын Брюссельде өткен бизнес форумда жеткізді. Форумда Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктер мен қазақ экспортының әлеуеті таныстырылды.

Бельгия - Қазақстанның маңызды сауда серіктесі. Біздің ел корольдікке мұнай мен шикізат экспорттап, олардан көлік, ұшақ, фармацевтикалық өнімдер, медициналық құрал-жабдықтар тасымалдап отыр. Өзара тауар айналымы былтыр 523,7 млн долларды құрады. Алыс-берісті арттыруға қос тарап та мүдделі. Басқосуда еліміздің Бельгиядағы елшісі Марғұлан Баймұхан мен «Kazakh invest» өкілдері шетелдіктерге Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды.

Сәкен Олжабаев, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының ресми өкілі:

Медицина, фармацевтика саласында технологиялары озық компаниялар керек. Басқа да біздің жер қойнауымыздағы элементтерді өңдеу саласындағы станоктар, машина жасау саласындағы компаниялар керек. Оларды инвестор ретінде Қазақстанға алып келу басты мақсатымыз.

Қазір елімізде Бельгия капиталының қатысуымен 76 компания жұмыс істеп жатыр. Олар осы уақытқа дейін қазақ экономикасына 11 млрд. доллар инвестиция құйған. Әлі де құя бермек ниетте. Көлік, логистика саласындағы «Ahlers» компаниясы өз қаржысына Алматы облысында логистикалық терминал тұрғызбақ.

Дидье Дюпонсель, «AHLERS»компаниясының бизнес бөлімшесінің директоры:

Қойманы тұрғызу арқылы 50 ден 500 адамға дейін жұмыспен қамтудан үміттіміз. Қауіпсіздік, сапа тұрғысынан біздің терминал ЕуроОдақ пен АҚШ стандарттарына сай қызмет көрсететін болады.

Инвестициялық жобаны бірігіп жүзеге асыру үшін бельгиялық кәсіпкер ««Kazakh invest» ұлттық компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Дәл осындай меморандумды отандық «БеНиЛюкс»сауда палатасы мен бельгияның «Meuwissen»заң компаниясы бекітті. Форумға қатысқан еуропалық кәсіпкерлер маусымда Астанада өтетін 14-халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысып, сенімді серіктес табудан үмітті.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу