Күн тәртібіне шыққан тақырыптың бірі - тәтті сусындарға, энергетикалық дейтін сусындарға салықты көбейту. Ұлт денсаулығына орай қозғалып отырған мәселе. Бізде қант диабетіне шалдығу, балалардың семіздігі сияқты мәселелер дендеп барады. Мұны тіпті мынша процент деген есеп келтірмей-ақ байқап, көріп отырмыз. Ұлт саулығына алаңдаушылық- дұрыс.
Дегенмен бұл әбден екшейтін мәселе. Себебі түрлі кола, шәй, лимонадтың бағасын көтерсе, тұтыну азаяды деп ойлау, жұмсартып айтқанда аңқаулық. Екіншіден, құрамында қанты көп тек сусындар ма? Тәттілігінен тілің уланатын тағам көп емес пе? Сарапшылар да сөйдейді: неге тек сусындар? Тіпті кәмпт-сәмпит те тұнып тұрған қант емес пе? Ең бастысы дейді олар, әлеуметтік жағдайы онша емес отбасылардың балалары мұндай сусындарды онсыз да көп ішпейді.
Ал егер қымбаттаса, одан әрі кедейлене түседі. Былтыр Ресейде осындай акциз енгізген екен, көреміз қалай арықтай бастайтындарын деп иронияға да салады. Бұл мәселе әбден екшейтін мәселе. Неге олай екенін Данияр Қайыртай дәлелдейді.
Данияр Қайыртай, тілші:
«Акциз» дейтін тауарға салынатын жанама салықтың бір түрі бар. Оны өндірушілер өнімнің бағасына қосады. Сондықтан қосылған құн салығы сияқты оны да түптің түбінде тұтынушы төлейді. Ал компания түскен ақшаны мемлекет есебіне аударады.
Сапарбай Жобаев, кономист:
Оның екі түрлі қызметі бар. Бірінші – бюджетке біраз табыс түсіретін болса, екіншісі – соны алатын адамдардың азғантай болса да, бағасы қымбат болса, алмайды-ау деген үмітіміз бар. Мысалы, темекі мен арақ сондай.
Данияр Қайыртай, тілші:
Сұранысты реттей алатын осындай функциясы үшін бұл салық түрін денсаулық сақтау органдары «жақсы көреді». Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де семіздік пен соның кесірінен туындауы мүмкін ауруларды азайту үшін құрамында қанты көп сусындарға акциз қосуды 4-5 жылдан бері ұсынып келеді.
Салтанат Назарова, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы директоры:
«Дені сау ұлт» ұлттық жобасында қант қосылған сусындарға акциз ендіру белгіленген болатын және ол біздің Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі концепциясында бұл шара белгіленген болатын.
Салтанат Назарова, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы директоры:
Қант қосылған сусындарды тұтыну балалар арасында 17 пайызы күнделікті қант қосылған сусындарды пайдаланатыны анықталды және 30,8 пайызы аптасына 4-7 рет осы сусындарды пайдаланады.
Миргүл Абдуллаева, Эндокринолог:
Бұрын балаларға энергетикалық сусынды болмайды десек, қазір ата-аналардың өзі алып беріп жатыр.Үлкен бөтелке емес, кішкентай пакетиктің ішіне құйылған тәтті сусындар да өте көп. Көріп жүрген шығарсыздар, мектептің жандарында.
Осындай тәтті әрі газдалған сусындар семіздікке әкеп соқтырады, ал ол түрлі инфекциялық емес аурулардың өрбуіне себеп болады дейді дәрігерлер.
Салтанат Назарова, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы директоры:
Мынандай дәлел бар, егер де күніне ең құрығанда бір тәтті сусынды пайдаланса ересектер арасында 27 пайызға артық салмақ пен семіздікке шалдығу мүмкіндігі ұлғаяды. Ал егер балалар арасында күніне ең құрығанда 1 сусын пайдаланса, 55 пайызға дейін артық салмақ пен семіздікке шалдығуы мүмкін.
Миргүл Абдуллаева, эндокринолог:
Артық салмақ ары қарай қант диабетіне әкелуі мүмкін. Қан қысымы көтерілуіне әкелуі мүмкін. Әртүрлі онкологиялық ауруларға шалдықтырады. Кішкентай балалардың жалпы гормондарының бұзылуына әкелуі мүмкін.
Артық салмақ ер адамдарда да, әйел адамдарды да бедеулікке әкеледі.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:
Сондықтан бұдан ары бұл мәселені созбалаудың қажеті жоқ. Энергетикалық сусындар мен адам ағзасына зиян тағамдарға қосымша акциздік төлемді күшейту арқылы біз кішкене болсын үйлестіруге мүмкіндік аламыз деп ойлаймын.
Алайда Ұлттық экономика министрлігі асықпайды. Апта басында министр Нұрлан Байбазаров «мәселені әбден зерттеп, жыл соңына дейін, әйтеуір, бір шешімге келеміз» деді. Халықтың денсаулығы маңызды,бірақ өндірушілерді де «өлтіріп» алмауымыз керек дегенді меңзеді. Бизнес-қауымдастық бұл бастамаға, расында, дүрлігіп тұр.
Самат Сейілов, «Атамекен» ҰКП департамент сарапшысы:
Қазақстанда тәтті сусын шығаратын 25 өндіруші бар. Олар 5 жарым-6 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан акциз мәселесі компания мен жұмысшыларға кесірін тигізеді. Әрі осы өнімдерді экспорттайтын елдермен сыртқы сауда көлеміне де белгілі бір деңгейде әсер етеді.
Алмат Ахметов, Caspian Beverage холдингінің вице-президенті:
Дайын өнімнің тұтынушы үшін қымбаттайтынын айтпағанда, жалпы индустрия жапа шегейін деп отыр. Өндірушілер жабылып тынуы мүмкін. Ал ол біздің индустриямен байланысы бар басқа салаларға да әсер етеді. Мысалы, қант қызылшасын өсірушілер де, қаптама шығарушылар да зиян шегеді деген сөз.
Дмитрий Жуков, Qazspirits қауымдастығының атқарушы директоры:
Бұл экономикалық негізі әлсіз әрі әділетсіз бастама. Себебі құрамында қанты бар сусындарға салық салған күннің өзінде ол нарықтағы ең арзан калория болып қала береді. Демек адамдар сол өнімге көбірек ақша жұмсай бастайды. Яғни мұны кедейлерге салынатын салық десек болады.
Тәтті сусын өндірушілер мұндай акцизді индустрияға жасалатын дискриминациялық қысым деп есептейді.
Алмат Ахметов, Caspian Beverage холдингінің вице-президенті:
Инфекциялық емес аурулар көбейіп кеткенін түсінеміз. Бірақ оған қантты емес, көмірсуы көп өнімдерді шамадан тыс тұтыну себеп болып отыр. Тәуелсіз зерттеу нәтижесіне қарағанда, көмірсу калориясы көп тағамдарды тұтынудың ішінде қант қосылатын сусындардың үлесі 4 пайыз ғана болған.
Дмитрий Жуков, Qazspirits қауымдастығының атқарушы директоры:
Тәтті сусынды нормасын білмей ішсең, әрине, денсаулыққа әсер етеді. Бірақ дәл сол сияқты ақ нан да, бауырсақ та, торт та немесе шайға қант салып ішкен де зиян. Енді неге осылардың ішінен тек құрамында қанты бар сусындарды бөліп-жарып отырғаны түсініксіз.
Тұтынушының жауапкершілігін де ысырып қоюға болмайды. Тым болмағанда жапсырмадағы мәтінді оқымаймыз.
Самат Сейілов, «Атамекен» ҰКП департамент сарапшысы:
Энергетиктердіңсыртында «18 жасқа толмаған адамдарға ішпеген абзал», «тәулігіне бір қалбырдан көп ішуге болмайды» деген жазулар бар. Тұтынушылар осыны оқымайды. Ал мемлекет, айналып келгенде, өндірушілерге қатысты шектеу, акциз қою сияқты мәселелерді көтереді.
Бірақ бұл біздің билік ойдан шығарып отырған акциз емес. Әлемнің 70-тен астам елінің салық жүйесіне енген. Оның ішінде экономикасы біздікіне ұқсас Ресей, Қырғызстан сияқты мемлекеттер де бар. Келесі айда Өзбекстан да тәтті сусыннан салық ала бастайды.
Салтанат Назарова, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы директоры:
Халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр, акцизді салық енгізгеннен тәтті сусындардың тұтыну төмендегенін, және ағзаға пайдалы сусындардың өсімі байқалады. Мысалы, таза су өнімі.
Алмат Ахметов, Caspian Beverage холдингінің вице-президенті:
Ал біз осы акциз енгізілген 24 елді зерттедік. Сонда тәтті сусындарды тұтыну 3-5 пайызға ғана азайғанын байқадық. Сондықтан қазір Дания, мысалы, бұл салықтан бас тартып отыр. Болжанған нәтижеге жете алмаған Ұлыбритания да ойланып қалды. Сондықтан бізге де асықпай шешім шығару керек.
Қанты көп тәтті сусын мен энергетик ішкенді азайтқаннан халықтың денсаулығы жақсарып кетпейтінін заңға бастамашы министрлік те түсінеді.
Салтанат Назарова, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы директоры:
Әрине, бір акцизді енгізіп, артық салмақ, семіздікті тоқтату мүмкін емес. Кешенді іс-шара болуы керек: халық арасында тамақтану мәдениетін түсіндіру, ақпараттық-танымдық насихат жүргізу, жарнаманы шектеу.
Миргүл Абдуллаева, эндокринолог:
Тәтті сусындардан бас тарттық, болды, енді ондай ауруларға шалдықпаймыз деген сөз емес. Сонымен қатар біз салауатты өмір салтын ұстауымыз керек, спортпен шұғылдану керек, дұрыс тамақтану керек, уақытылы ұйықтау керек.
Мысалы, оралдық Санат Ерекешов сияқты. 13 жастағы оқушы 4 жылдан бері бокспен айналысады. Осы уақыт ішінде едәуір салмақ тастағанын айтады.
Санат Ерекешов, оқушы:
Мен мұнда келгенде толық болғаным рас. Қазір салмақ тастадым. Спортпен шұғылдану дұрыс тамақтану сияқты артық салмақтан арылуға көп көмегін тигізеді.
Қанты көп сусынға салынатын салық– халықтың семіруін тоқтатудың ғана бір амалы. Ал бюджетті аса «семірте» қоймайтын сияқты.Акцизден түсетін қаражат қазынадағы «жыртығымызды да жамауға» жетпейтінін айтады экономист.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Біздің бюджетіміздегі тапшылық, егер де ұлттық қордан алатын қаржыны есептемесек, 30-40 пайыз. Сондықтан салықты көбейту керек. Бұдан, бірақ, көп ақша түседі деп үміттенудің қажеті жоқ. Көп болса, 0,5 пайыз ғана әсер етуі мүмкін бюджетке.
Ал семіздік себеп болатын жүрек ақауы, қан қысымы, қатерлі ісік, диабет сияқты жұқпалы емес аурулар жыл сайын ел экономикасына 2,5 трлн тг шығын әкеледі.
Данияр Қайыртай