Татарстан астанасы Қазан қаласында алғаш рет «Болашақтың ойындары» жалауын желбіретті. Халықаралық доданың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Компьютерлік ойындар мен дәстүрлі спорттың сайысында ел намысын 50-ге жуық ойыншы қорғап жатыр. Олардың аяқ алысы қалай? Келешекте спорттық жарыстар қалай өзгеруі мүмкін?
Қазанда қызу қарбалас. Шежірелі шаһар бұл күндері киберспорт серкелерінің астанасына айналды. Ашылу салтанатына келген Қасым-Жомарт Тоқаевты татар тарапы күй күмбірімен қарсы алды. Президент салтанатты рәсімді тамашалап, қатысушыларға қолдау көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл – бірегей ойын. Дүниежүзінде мұндай ойынның баламасы жоқ. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Келесі ойынды Қазақстанда өткізейік.
Виртуал әлем мен шынайы өмірдің үйлесімі. Жаңа форматтағы жарысқа жүзден астам елден 2 мыңға жуық ойыншы келген.
Адамдармен қатар роботтар да бар мүмкіндігін көрсетіп жатыр.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Фиджитал ойындар - бұл ерекше сайыс. Қатысушылар әуелі кибер әлемде өзара мықтыны анықтайды. Кейін онлайннан офлайнға көшіп орнатылған. Ол шынайы спортта сайысады. Баскетбол алаңы да ерекше. Арнайы лэд әр ойыншының қадамын есептеп, көрсетіп отырады.
Қазақстан атынан бұл сайысқа 48 спортшы келді. Олар 13 жарыс түрі бойынша сынға түспек. Фиджитал хоккей жарысында «Барыс» командасы жеңістен үмітті. Қатысушылар әуелі компьютерде тартысты, кейін алаңда алысты.
Шыңғыс Әбіл, «Барыс» фиджитал хоккей қомандасының ойыншысы:
Әр баланың қолында телефон, әр баланың қолында плейстейшн. Бұл ойындар өседі деген ойдамын. Сондықтан ойнау керек, бірақ бостан-босқа ойнаудың да қажеті жоқ. Біздің жас хоккейшілер жақсы дайындалып жатыр. Және келесі 10 жылдықта біздің қазақтар мықты ойын көрсетеді деген ойдамын.
Жерлестерімізді жеңіске жігерлендіру үшін Қазанға арнайы келген жанкүйерлер де бар.
Кирилл Миличкин, жанкүйер:
Мен осы ойынды көру үшін арнайы Алматы қаласынан келдім. Фиджитал деген жаңа дүние. Сондықтан да қызық. Қазақстандағы киберспорттың болашағы мықты деп ойлаймын.
Жалпы ойындар бес бағытқа бөлінген. Спорт, тактика, стратегия, жылдамдық және технология. Дәстүрлі спорт түрлерімен қатар дрондар жарысы, роботтар бәсекесі сынды сайыстар бар.
Президент әріптестерімен бірге жарыс өтетін Экспо кешенін аралап, онлайн ойындардың ерекшеліктерімен танысты.
Алаңдардың бірінде Мемлекет басшысы «Футбол достыққа жол ашады» бағдарламасына қатысатын жас спортшылармен әңгімелесті. Команда құрамында 10 жастағы Жан Әли Ермағамбетов те бар. Енді келесі «Болашақтың ойындары» біздің елде өтуі мүмкін. Одан кейін жарысты өзбек елі қабылдауға дайын.
Шерхан Жамбылұлы