Шымкентте егістікке арналған су жүйелерінің тозығы жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте егістікке арналған су жүйелерінің тозығы жеткен

16.02.2024

Шымкентте егістікті суратын 30-ға жуық ағын су жүйесінің тозығы жетіп тұр. Өткен ғасырда қазылған каналдардың біразының арнасы мүжіліп, тарылып кеткен. Жылда ағын судан тапшылық көретін шарулар биыл тіптен көктемгі егіске кірісе алмай дағдарып отыр.

Асабай Арапбаевтың әзірге егістік басындағы қоршауды түзеткеннен өзге шаруға қолы баратын емес. Жылда 2 гектар жерге қызанақ, қияр, кәді секілді көкөніс егіп, табыс табатын. 2-3 жылдан бері оны мүлдем қойды. Енді тым болмаса малға азық болсын деп еккен жоңышқалығына ғана қарап отыр.

Асабай Арапбаев, шаруа:

Әзір жоңышқаның өзін бір рет орсақ, орып аламыз, екіншісінде су болмайды. Әзер орамыз. Сонымен егістік пайдаланылмай жатыр бос. Су болмаса неғыламыз жерді айдап.

Шымкенттің іргесіндегі Жаңаталап елдімекені кезінде шаһарды көкөніспен қамтамасыз ететін ірі шаруашылық болатын. Мұндағы жұрт 500-гектардан астам жерге бір маусымның өзінде бірнеше рет көкөніс егіп, табысын айырып келді.

Амангелді Түркешов, шаруа:

Осы жерден кем дегенде алғашқыда күніне 20-30 «Газель» көкөніс қалаға баратын. Қазір жұрттың бәрі бұзып, жоңышқа егіп қойды. Бір рет орып алады, амал жоқ.

Әбибулла Байсейітов, шаруа:

Мынадай су болған соң халық қорқып тұр. Арықтың сиқы мынау болған соң. Жердің бәрін тастап кетіп жатқан адам көп. Өйткені мынаны көріп тұрған адамда үміт жоқ.

Жаңаталап елдімекенінің егістік жерін тұтас суландыратын Сасық каналы осыдан 40 жыл бұрын қазылған. Былтыр қазынадан 1 миллиард 179 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға 14 шақырым жері жөнделеді. Бұл іс мыңға жуық шаруаны үміттендіріп, үйреншікті кәсібін жалғастыруына мүмкіндік бермек.

Мейрамбек Оразымбет, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:

Жағдайы нашар болса да су өткізгіш қабілеті болған. Бірақ өте төмен болған. Қазір күрделі жөндеу жұмысы жүргеннен кейін 10 есеге ұлғаяды. Вегитациялық науқанға дейін су беруді жоспарлап отырмыз.

Жалпы шаһар аумағында 34 ағын су арнасы бар. Оның барлығы дерлік өткен ғасырда қазылған. Әзірге дейін оның тек жетеуіне ғана күрделі жөндеу жасалуда. Олардың ішінде жосықсыз мердігердің кесірінен «Көк каналы» сақалды құралысқа айналды.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу