Базар VS онлайн сауда: Қазақстандықтар қайсысын таңдайды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Базар VS онлайн сауда: Қазақстандықтар қайсысын таңдайды?

04.02.2024

Электронды сауда тіршілігімізге дендеп еніп жатыр. Не жоқ десеңізші – азық-түлік, киім-кешек, күнделікті тұтынатын заттар, жиһаз, техниканың түр-түрі - бәрі бар. Қалаңыз не, ауылда тұратын азаматтар тапсырыс жасайды.

40 жыл бұрын тек телевижн қалады дегендерге қазір күлгенмен, телевижннің мүлдем жоқ болып кетпейтінін түсінеміз. Сол сияқты базарлар, тіпті сауда орталықтарының саудасы бітпесе де, сұйылатын сияқты. Базардан қайтқан саудагерлер бар, сәлден кейін материалда айтамыз.

Енді электронды сауда қалай реттелген дегенге келейік. Себебі өзінше қайнатып қоюға болмайды, тәртіп керек. Биыл электронды сауданы реттейтін екі заң қабылданады деген жоспар бар. Біріншісі Цифрлық кодекс, екіншісі тұтынушы құқығын қорғау туралы заңға өзгерістер. Екеуі де Мәжіліс қарауында.

Дегенмен кей сарапшы бұл екі заңның екеуі де ондайн-сауданы толығымен реттей алмайды деп есептейді. Интернет-дүкендердің қызметіне байланысты сұрақтар бар. Біріншіден, онда қазақ тілінде ақпар жоқ, екіншіден, тауарлардың сертификаты, тауарды жеткізушінің қайда орналасқаны жөнінде де мағлұмат жоқ.

Осы орайда Қытайдан арзанға ыдыс-аяқ әкеп берем деп ақша жинап, ақыр соңында жұртты алдап кеткен Айс Муратова лақап атымен танылған байер, яғни саудагердің мысалын айта кету керек.

Депутат Дәулет Мұқаевтың айтуынша, алаяқтың құрбаны болған 5 мыңнан астам адам ешқандай келісімшартсыз банк картасына жалпы 30 млрд теңгедей ақша аударған. Енді не тауар, не ақша жоқ. Алдап соққан «кәсіпкер» де ізім-ғайым жоқ болды. Бірақ бұл енді басқа тақырыптың жүгі.

Данияр Қайыртай базар мен электронды сауданы таразыға салып көрді.

Жандауа Қуатқызы, Астана қаласының тұрғыны:

Мысалы, кеше ғана мен өзіме телефон тапсырыс бердім. Үйге жеткізген ыңғайлы, ешқайда шықпайсыз, үйде өз шаруаларыңызды жасап жүресіз де өзі әкеп береді.

Астаналық Жандауа Қуатқызы ғаламтордағы дүкендер арқылы сауда жасауды әдетке айналдырған. Базарға бармағанына көп болыпты, ал сауда орталықтарындағы бутиктерді сирек аралайды.

Жандауа Қуатқызы, Астана қаласының тұрғыны:

Көбінесе мен өзіме бет күтіміне арналған косметика тапсырыс беремін және гаджеттер – наушник, телефон деген сияқты. Сосын қазір танымал болып жатқан Пиндуодуодан заказ береміз, әсіресе сіңлім жақсы көреді оны. Неше түрлі жасөспірімдерге арналған Қазақстанда жоқ киімдерді заказ береді.

Онлайн-саудаға ауыл азаматтары да машықтанып келеді. Ақтаудан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Бесшоқы ауылында тұратын Гүлнар Әбдісаматқызы балаларына киім-кешекті маркетплейс арқылы алатын болған. Бір жағы уақытқа, екінші жағынан ақшаға үнем дейді.

Гүлнар Әбдісаматқызы, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

Бұрын қалаға барып жүретін едік. Осы тауарымыз келді ме екен деп, барып-келіп. Қазір деген ауылда осындай точкалары бар. Екі есе арзан келеді.

Себебі дүкен-базардағылар жалға алатын орынның ақысын, коммуналдық төлемдерді, сатушының айлығын тауар құнына үстемелейді. «Ал маркетплейсте онлайн-сөренің тарифтік ақысынан басқа шығын жоқ», - дейді 2 жылдан бері электронды коммерциямен айналысатын Қуанышбек. Өзі косметика мен әйелдердің бас киімін сатады. Соның өзінен айына кемі 300 мың теңге табады.

Қуанышбек Жеткерген, кәсіпкер:

Точкам жоқ ешқандай, тек онлайн-бизнес қана. Бұл жерде клиент іздемеймін, олар мен өздері тауарымды көріп, заказ бере алады. Бұл жерде ассортимент деген көп, баға екі-үш есе төмен магазиндерге қарағанда.

Қуанышбек саудамен шектелмей, маркетплейс айналасындағы кәсібін кеңейте түскен. Кейінгі үш айда Астанадан белгілі платформаның тапсырыс беретін 2 пунктін ашып үлгеріпті. Әрқайсынан айына, шамамен, 1 млн теңге табыс түседі дейді. Енді осындай нүктелерді ауыл-аймақтардан ашқысы келеді.

Құрылыс материалдарын сататын сауда желісінің иесі Жұлдыз Атамбаева да қазір бірнеше маркетплейс арқылы сауда жүргізіп келеді. Коронавирус пандемиясы жаңа трендке ілесуге түрткі болғанын айтады.

Жұлдыз Атамбаева, кәсіпкер:

Өзіміздің дүкендеріміз бар, әр қалада. 2020 жылдан бастап осы платформа арқылы жұмыс істеген тиімді деп, қосымша саудамызға үлес қосып, ары қарай жалғастырып отырмыз. Осындай платформалар арқылы сатқан бізге өте тиімді болып жатыр.

Электронды коммерцияның қарқын алғаны дәстүрлі саудагерлерге ғана тиімсіз болып отыр. 12 жылдан бері базарда киім-кешек сататын Мақпал Тоқтанаева кейінгі жылы табыс күрт азайғанын айтады. Бір-екі тауар ғана сататын күндер болады дейді. Сондықтан кәсібін тоқтатпақ.

Мақпал Тоқтанаева, саудагер:

Интернет магазиндер қазір сауданы өлтіріп жатқан. Совместный закуп, сосын көтерме саудадағылар оптовый бағада интернет магазинмен сатып жатыр. Сол себепті бізде сауда жоқ базарда. Сол үшін жауып жатырмыз.

Мұхтар Есболғанов, Сауда үйлері қоғамының мүшесі:

Бір 5-7 пайыздай жабылып жатыр, басқа жаққа кетіп жатыр. Сол маркетплейстерге ауысып жатыр. 5-6 жыл бұрынғы уақытпен салыстырсақ сауда төмен болып жатыр, жылдан-жылға. Күннен-күнге маркетплейстердің бәсекелестігі осы киім сататындарға, сауда орталықтарында жүрген кәсіпкерлерге зияны тие бастайды.

Астанадағы сауда үйлері қауымдастығының мүшесі Мұхтар Есболғанов азық-түлік сататындарға әзірге қауіп жоқ деп болжайды. Себебі халық әлі де тамақты көзбен көріп, қолмен ұстап таңдағанды жөн көретінін айтады.

Мұхтар Есболғанов, Сауда үйлері қоғамының мүшесі:

Басқа заттарды алсақ, көбісі қазір инстаграм, марткетплейске шығып, қосымша, солай киімдерін сатып жүр. Тек қана осы сауда үйіне келген адамдарға қарап отырса, онда олар өздерінің жалақысын, арендасын төлеуге шамасы болмайды.

Әйтсе де интернеттегі сауда алаңдары заң талаптарынан тыс қалып отыр. Сондықтан тұтынушылар құқығы сақталмайтын кездер жиі ұшырасатын көрінеді.

Мейіржан Аманжолов, ҚР СИМ Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

Электронды сауда бойынша 2022 жылы 2663 шағым түскен, ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша 8 мыңға жуық. Яғни 2022 жылмен салыстырғанда 290 пайыз артқан.

Бұл арыздың жартысынан көбі (55%) әлеуметтік желідегі парақшалар мен чаттар арқылы сауда жасайтындардың үстінен түскен. 34% сауда желілерінің интернет-дүкендеріне жасалған шағым. Қалған 11 пайыз тұтынушының маркетплейстерден алынған тауарға көңілі толмаған.

Светлана Романовская, Қазақстан тұтынушылары ұлттық лигасының президенті:

Біріншіден, сатушы компанияның аты мен телефоны көрсетілмейді. Мәселе туындаса тұтынушы қайда, кімге хабарласарын білмей қалады. Екіншіден, тауардың сипаттамасы жөнінде тұтынушыны шатастыру не алдау көп. Мысалы, синтетикалық аяқ киімнің сипаттамасына қоянның жүнінен тігілген етік деп жазып қояды. Үшіншіден, мемлекеттік және орыс тілінде нұсқаулық жазу талабы сақталмайды.

Енді осындай талаптарды орындамайтын саудагерлер электронды сауда алаңынан шеттетіліп тынуы мүмкін. Мәжіліс қарап жатқан Тұтынушы құқығын қорғау туралы өзгертілген заң жобасы қабылданса, маркетплейс пен кәсіпкерге заң талаптарын сақтау жөнінде шарт жасасу міндеттелмек.

Мейіржан Аманжолов, ҚР СИМ Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

Сол шартты орындамайтын болса электронды сауда алаңдарындағы иелері әкімшілік жауапкершілікке ғана емес, азаматтық-құқықтық жауапкершілікке, сонымен қатар электронды саудада сатумен айналысу мүмкіншілігінен айрылуы мүмкін, жаңа заң жобасына сәйкес.

Осы заңға қатысты пікірін білу үшін Қазақстан нарығында жұмыс істейтін бірнеше маркетплейстің өкілдігіне сұрау салдық. Отандық белгілі банкке қарасты платформа америкалық IPO-ге шығар алдында кез келген комментарийден тартынатынын байқатты. Сұхбатқа келіскен жалғыз шетелдік маркетплейстің өзі сырғыта жауап берді.

Мөлдір Рысалиева, «OZON Қазақстан» бас директоры:

Біздің сала ондаған мың сатушылар мен бірнеше млн сатып алушыларды біріктірді. Бұл экономиканың елеулі секторы. Сондықтан барлық қатысушылардың: сатушылардың, беру пунктерінің иелерінің, сатып алушылардың мүдделерін қорғайтын механизмдер, әрине, маңызды сипатқа ие.

Нарыққа кірген 2 жыл ішінде осы маркетплейске тіркелген қазақстандық кәсіпкерлер саны 30 мыңнан асқан. Ал былтыр 600 мыңға жуық тұтынушы 6 млн тауарға тапсырыс жасапты.

Мөлдір Рысалиева, «OZON Қазақстан» бас директоры:

Бүгінде Қазақстанда 1100-ден астам тапсырыс беру пункті жұмыс істейді. Жұмыс орындарының саны 800-ден асады.

Ал экономист электронды сауда алаңдары шағын бизнестің серпін алуына ықпал еткенін мойындаса да, мемлекет алдындағы міндеттемесін толық орындап жатқанына күмәнмен қарайды. Сондықтан шетелдік маркетплейстердің жұмысына аудит жасауды ұсынады.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Олар Қазақстанның азаматтарына мүмкіндік беріп жатыр, 30-40 кв метрлік офистарыңызды ашасыздар, сіздің атыңызда болады, олар тек қана тауарлық маркаларын қояды да барлық тапсырысты сол қоймалар арқылы сатып жатыр. Яғни олар қаншалықты табысына сәйкес бізге салық төлеп жатыр деген үлкен сұрақ туындайды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Электронды саудадағы қаражат көлемі былтыр 2 трлн теңгеден асқан. Соның қаншасы маркетплейстердің еншісінде кеткені белгісіз. «Дәстүрлі» көлеңкелі экономиканы жеңе алмай жатқанда цифрлық көлеңкелі экономика түсінігі алдымыздан шыққаны ма?

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу