Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Дос Сарбасов есімді Техас университетінде онкологиялық орталықта көп жыл жұмыс істеген ғалымның елімізге оралғанын, биотехнологтың онкологиялық ауруды емдейтін дәрі ойлап тапқанын хабарлады. Дәлірегі «Ғалым ісік жасушаларының қорыту процесін бұзатын әдісті ойлап тапты. Бұл онкологиямен күресте инновациялық әдіс», деді. Қазір Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында 15 адам емделіп жатыр екен.
Бұл не дәрі? – деп елеңдеп қаласың. Былтыр Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният онкологиялық ауру түрлеріне шалдыққан 205 адамның есепте тұрғанын айтқан. Жылына 37 мың адамнан анықталады. Соңғы 20 жылда онкоауруларға шалдығу 25 процентке артқан. Сондықтан онкологиялық ауруға қарсы дәрі ойлап табылды деген жаңалық бірден жадырататын сезім бөлейді. Дегенмен бұл аурудың өте күрделі екенін білеміз...
Жалпы, дәрі дегенде туатын маңызы сұрақ – оның бағасы. Себебі қанша тырыссақ та, дәрі-дәрмектің түр-түрін шығара алмайтынымыз анық. Біз әдетте азық-түлікке кететін ақшаны есептейміз. Дәрі-дәрмек пайдалану проценті қандай, тиісінше қанша ақша жұмсаймыз? Фармацевттер дистрибьютерлерді кінәлайды. «Бізге қымбатына жеткізетін солар» деп. Ал қарапайым адам үшін цитрамонның да бағасы маңызды. Тегін дәрі алатындардың проблемасы және бар. Сонымен бірге өзіміз диагноз қойып, дәріні өз бетімізше қабылдай беретін әдетіміз бар. Бұл әрине, шолақ ойлау ғана емес. Өшірет, дәрігердің де сол ойлаған дәріні жазып беретіні, ақылы қызметтің қымбаттығы, тағысын тағы. Тақырыпты Елдос Есенбол жалғастырады.
Марғұланның әр күні арпалыс. Әр түні уайым. Анасының өмірі үшін күресіп жүргеніне биыл төртінші жыл. Шешесін алып Түркия асып та қайтқан. Ондағы дәрігерлер диагнозбен бір жабырқатса, шипа болар дәрі ұсынып бір қуантқан.
Марғұлан Ақан, Журналист:
Келгеннен кейін біз өзіміздің қайтадан бас дәрігерімізге бардық. Дәріні көрді де мына дәріден айрылмаңыздар деді. Бұл сіздерге көмектесетін, мидағы болсын денедегі метастазды ұстап тұратын дәрі деді.
Бірақ ол Қазақстанда тегін берілетін дәрі-дәрмек тізімінде жоқ болып шығады. Тек бірнеше айдан кейін түркиялық препараттың сингапурлық анологын тегін алуға болатынын біледі. Жергілікті емханаға тіркеледі. Күтеді. Өте ұзақ күтеді...
Марғұлан Ақан, Журналист:
Мен ұзақ күттім. Қыркүйектен бастап қаңтарға дейінгі дәріні өзім сатып алып келдім. Дәрі ай сайын маған 500 мың теңгеге шығып отырды. Тірнектеп бірдеңе істеп жүріп соны тапты, алдық. Бірақ ала алмайтын мүмкіндігі аз адамдар бар. 500 мың деген бір айда бір отбасыға кіріп тұрған кіріс те емес.
Ал Бекболат Шерниязов қазір бүйрегін ауыстырған. Ол дәл осы сырқат түріне берілетін тегін дәрінің дәрменсіздігін көрген. Көріп те келеді.
Бекболат Шерниязов, Астана қаласының тұрғыны:
Басында бізге тегін дәріден «Физатенс» деген беретін. Сосын жүрекке «Каранин» беретін. «Кардиомагнил» деген дәрілер болатын. Енді одан кейін олар әсер етпей көмектеспегесін терапевтке барған кезде олар басқа дәрі жазып беретін. Ол тегін берілмейді. Оны біздер бәленбай сом теңгеге сатып аламыз.
Дәріні науқас күткенмен, сырқат күтпейді. Сондықтан диагнозы бірдей жандар бір-біріне көмектесуге мәжбүр. Мессенджерде ортақ чаттары да бар екен.
Бекболат Шерниязов, Астана қаласының тұрғыны:
Группада чатта бар бәрі бір-бірімізден сұрап беріп-беріп шығарып жатырмыз. Дәрінің жоқтығын. Маған үш айға берілген дәрі. Мен оны басқа біреуге берсем ол ертең маған жетпей қалады келесіде. Береміз. Ол кісілерге үш-төрт айдан кейін келеді. Бізге қайтып береді.
Жалпы қан айналым, тыныс алу, ас қорыту сынды әртүрлі категорияларға арналған 1800-ден астам препарат бар. Тегін берілуі тиіс. Ол үшін былтыр 200 миллиард теңге бөлінген. Оны Қазақстанға жеткізуші бірыңғай дистрибьютор «СК Фармация» компаниясы. Тегін дәрі-дәрмектің мерзімінен кешігіп жетуінің мынадай себептері бар дейді олар.
Әйгерім Смайылова, СК Фармация компаниясы баспасөз қызметінің басшысы:
Көбіне бұл уақытылы дұрыс жоспарланбаған керек қажеттілігінің. Дәрі-дәрмектің түрлерінен. Екінші себеп дәрі-дәрмекті тағайындайтын қажетті субстанцияның жоқ болуынан кейде зауыттан шықпауы, өндіріс барысы тоқтап қалуы. Біздің Қазақстан нарығы өте кішкентай болып есептеледі. Әлемдік деңгейде есептейтін болсақ. Кейде өндірушіге біздің нарықтың сұранысы сұранып отырған көлемі өте аз болуы мүмкін.
Қанатбек Беріков, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бас сарапшысы:
Қазіргі таңда фармацевтикалық нарықта отандық өндірістегі дәрі-дәрмектердің үлесі 15 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы 10 айға сәйкес болып табылады. Тиісінше 85 пайыз импорттық үлес болып табылады
Иә, дәрінің тегінін де, ақылысын да сырттан тасимыз. Сол дәріханада самсаған препаратты қаншалықты орнымен қолданып жүрміз деген тағы бір сұрақ туады.
Гүлбағдан Наурызбаева, Сатушы:
«Мен айтамын дәірігердің тағайындауымен ішіп жатсыз ба? Мынау бұл мынадай дәрі ғой» деп түсіндіріп айтам ғой. Ол кісі айтады: «Жоқ мен естідім или интернеттен көрдім. Отзывтары жақсы екен. Соны алайын деп едім» деп.
Ақылы қызмет көрсететін дәрігердің қабылдауына екі рет кіріп, анализ тапсырып, оған қоса дәрісін алсаңыз кемінде 100 000 теңгеңіз оп-оңай кетіп қалатыны жасырын емес. Сондықтан тұмау секілді біз жеңіл деп қарайтын ауруға ақша шығындап қайтемін деп ойлауыңыз да мүмкін. Бірақ...
Али Нургожаев, Денсаулық сақтау саласының сарапшысы:
Ең маңызды мәселенің бірі- антибиотикке төзімділік болуы мүмкін. Егер адам өз бетінше антибиотикті жиі қолданса оның ағзасы соған үйреніп алады. Яғни бара-бара дәрі әсер етпейді. Егер алда-жалда ота бола қалса жараның жазылуы қиындайды... Осы секілді мәселе туындай береді. Бұл – мемлекет баса назар аударуы тиіс жағдай.
Былтыр Қазақстандағы дәрі-дәрмек бағасы 11 пайызға қымбаттаған. Бұл көрсеткіш бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында Қырғызстаннан ғана «қалып тұрмыз».
Қанатбек Беріков, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бас сарапшысы:
Жылына екі рет шекті бағаны бекітіп отырамыз. Шекті бағадан асқан жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес айыппұл түрінде жазаға тартылатын болады. Жетпіс АЕК және мың АЕК арасында айыппұл түрінде жауапқа тартылатын болады.
Яғни дәріханалар министрлік бекіткен шекті бағадан асырмаса болғаны. Ал дәрі бағасының қымбаттығы қарапайым халық арасында да, тіпті Мәжіліс мінберінде де айтылып жүр.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
Сауран көшесіндегі бір ғана тұрғын-үй кешенінде үш дәріхана бар. Үш дәріханада бағалары үш түрлі болады. «Терафлюдың» бағасы 230 теңгеге шықты. Ал қарап отырмын нарықтағы бағасы 500 теңгеге дейін барады. Өсім 150-140 пайызға дейін.
Сол «Терафлюдың» бір қорабының бағасы «Дәрі.кз» қосымшасында 3325 теңге деп көрсетілген. Ал, «Айтека» онлайн дәріханасында былай тұр. Астанада осы айда «Терафлю» 3450 теңгеге дейін саудаланған... Дәріханалар кінә бізден емес дейді.
Талғат Омаров, Қазақстан дәріхана иелері қауымдастығының басшысы:
Жағдайымыз қиын екенін жаңағы көтерме сауда компаниялары да біледі. Сондықтан бізге реализацияға береді. Бір аптаның ішінде сатып бер. Екі аптаның ішінде сатып бол сосын ақшасын қайтарасың деп олар бізге сондай жеңілдік берген. Табысты кәсіп болатын болса егер ендеше неге бір адам өзі еден жуады? Неге өзі приход жасайды? Неге өзі сатады?
Елдос Есенбол, тілші:
Қазақстандықтар жылына шамамен 2 миллиард долларға дәрі саудалайды екен. Егер 20 млн азаматтың бәрін қамтып есептесек, жан басына шақққанда әрбір қазақстандыққа жылына 100 доллардан тиеді. Сонда айына орта есеппен 3500-4000 теңгеге жуық қаражатын дәріге жұмсайды. Негізі, дәрі-дәрмек адамзаттың теңдессіз өнертабысының бірі. Сөз жоқ. Талай аурудың бетін қайтарып, адам өмірін ұзартып жатыр. Бірақ пайдакүнемдікке, салғырттыққа, жауапсыздыққа қарсы дәріні әлі ешкім ойлап тапқан жоқ. Таппайды да...
Елдос Есенбол
