25 жасында Жазушылар одағына мүше болып, 26-сында «Ерен еңбегі үшін» медалін алған қаламгер. Ақтөбелік Әлихан Жақсылықтың романы ағылшын тіліне аударылған. Енді оның таныстырылымы Лондон қаласында өтеді. Жас дарынмен әріптесім Жақсыбек Кемал жүздесіп келді.
Бұған дейін жас қаламгердің екі кітабы шыққан. «Алты құрлық», «Төрт мұхит» деп аталатын хикаяттар жинағы оқырмандардың көңілінен шықты. Шығармалары байқауларда топ жарып жүр. Бірі қызығы ол алғашында өңір жұртына жазушы емес, айтыскер ақын ретінде танылған.
Әлихан Жақсылық, жазушы:
Айтыс ізденуге арнайы бір баспалдақ болды. Әдебиет әлемін үлкен мұхит десек болады.Сондықтан барынша жаңа романдар жазуға, жаңа жаңалықтар ашуға күш салып, ізденіп жатырмыз.
Әлихан Жақсылық «Балапан» арнасынан көрсетілетін «Ұшақтар», «Ырысты ыдыстар», «Ақылды көжектер» және «Қаһарман» секілді онға жуық анимациялық фильмге сценарий жазған. Анасының айтуынша, ол шығармашылыққа бала күнінен құмар болыпты.
Гүлжамал Кенжебайқызы, анасы:
Кітапты көп оқитын. Соның арқасы шығар. 26 жасында осындай дәрежеге жетіп жатыр.
Бірер күннен кейін жазушының «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» деп аталатын романының тұсауы кесілмек. Бұл туындыға қызығушылық жоғары. Өйткені, қазірдің өзінде баспадан шыққан 1000 дана кітаптың түгелге жуығының оқырманы бар.
Әлихан Жақсылық, жазушы:
Бұл роман біздің жастардың проблемасын көтеретін, ескі құндылықтар мен жаңа құндылықтардың қақтығысы туралы суреттеледі.Романнан бұрын біз бірнеше қықса әңгімелерімізді де аударған болатынбыз.Оларды да Америкалық, Ұлыбританиялық журналдарға ұсынып қойдық.
Қазір Ақтөбедегі кітапханалар бірінен соң бірі жас жазушыны кездесулерге шақырып жатыр. Кітапханашылардың айтуынша, қазір оқырмандар арасында жас қаламгерлердің шығармаларын сұрайтындар көп.
Назерке Жәлелова, қалалық кітапхана қызметкері:
Жақын арада осы Әлихан Жақсылықпен кездесу кештерін міндетті түрде ұйымдастыратын боламыз. Біз насихаттаймыз, біз арқылы көпшілік танитын болады.Осы жас жазушыларымыздың кітаптары сұранысқа ие.
Әлихан Евразия мен Африка жазушыларының шығармаларын зерттеп, жаңа туындысын жазып жатыр. Ал наурыз айында Лондонға барып, әлем жазушыларының саммитіне қатысады.