Атырауда газ жарылысынан зардап шеккен 2 адам көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда газ жарылысынан зардап шеккен 2 адам көз жұмды

04.01.2024

Атыраудағы газ жарылысынан зардап шеккен 5 адамның екеуі қайтыс болды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, оқиға 2-ші қаңтарда қала іргесіндегі Көкарна ауылындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Жарылыстан үйдің қабырғалары қирап, 140 шаршы метр алаңды қызыл жалын жалмаған. Өрт салдарынан 5 адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген еді. Оның 3-уі ересек, 2-еуі бала. Ауыр күйіктен 1965 жылы туған ер адам мен 1970 жылы туған әйел ауруханада көз жұмды. Олар ерлі-зайыпты болған. Қалғандары дәрігердің бақылауында. Облыстық балалар ауруханасына түскен екі баланың да жағдайы алаңдатарлық. Денесінің 80 пайызын күйік шалған. Оның бірі 4 айлық нәресте. Өткен жылы қала бойынша 152 өрт оқиғасы тіркелген. 4 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алған.

Ғабит Бабаев, Атырау қалалық төтенше жағдай басқармасының басшысы:

ТЖБ қызметкерлерімен 7 қазан күні осы оқиға орын алған тұрғын-үйге профилактикалық-түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Болжаммен газ жиналып жарылған. Сараптама қорытындысымен өрттің толық себебі белгілі болады.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу