Биыл ғалымдар тарихта ең жылы теңіз бетіндегі температураны тіркеді
2023 жылдың ақпанында Түркия мен Сирияда 50 мыңға жуық адамның өмірін қиған зілзала болды. Әлем биыл бұдан өзге гуманитарлық, табиғи және техногенді апаттарға куә болды. Су тасқыны, орман өрті жиілеп, дүмпулер де қайталанды. Мұздықтардың еруі жылдамдаған. Ал биылғы зерттеуге сай, теңіз бетіндегі температура тарихта ең жылы болып тіркеліп отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, бұған климаттың өзгеруі себеп.
6 ақпан. Әлемді дәл сол күні Түркия аумағы мен Сирияның солтүстігінде болған екі бірдей алапат дүмпу дүр сілкіндірді. Екі елде қуаты 7,8 және 7,6 балдық жер сілкінісінен қаза тапқан адам саны 50 мыңнан асты. Тағы бірнеше шағын дүмпу болған. Сол апат Қазақстанның екі азаматының өмірін қиды. Жер сілкінісі кезінде жүз мыңнан аса ғимарат қираған немесе зақым келген. Ал ел экономикасына 100 млрд доллардан астам шығын келді. Түркияға зілзала салдарын жоюға көмектесу үшін ондаған елден, оның ішінде Қазақстаннан да құтқарушылар барды.
Нилай Ширин, Түркия тұрғыны:
Жаңа жылды тойлайтын көңіл-күй жоқ. Өйткені апат 1 жыл бұрын мерекеден кейін болды ғой. Қаншама адамнан айырылдық. Із-түссіз кеткендер әлі табылған жоқ.
Қыркүйекте Марокконы соңғы 120 жылда болмаған зілзала жайпады. Қуаты 6,8 балдық дүмпу Атлас тауларында болған. Табиғи апаттан мыңдаған адам опат болды. 70 мыңдай баспана қираған немесе зақым келген. Содан бері үш ай өтті. Ал қираған үйлердің орнына жаңалары салынған жоқ. Адамдар жылуы жоқ шатырларда тұрып жатыр. Тұрғындар гуманитарлық көмекке мұқтаж. Оның үстіне жер сілкінісі қайталануы мүмкін деген қауіп бар.
Биыл Ливияға сұрапыл «Даниэль» дауылы соққы берді. Екпінді жел соғып, күшті нөсер жауған. Табиғи апат 4 мың үш жүзден аса ливиялықтың өмірін қиды. 40 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап кеткен. Мыңдаған адам із-түссіз жоғалып кеткендер тізімінде. Дауыл тұрған аудандарда инфрақұрылымның 70 пайызы қирады.
Рана Ксайфи, БҰҰ өкілі:
Жағдай өте ауыр. 19 жыл бойғы гуманитарлық миссиямда мұндай табиғи апатты алғаш рет көруім. Үйлер, мектептер, толықтай су астында қалды. Мыңдаған адам бар мал-мүлкінен айырылды.
Осы айдың ортасында Қытайдың Ганьсу және Циньхай провинциялары зілзаладан зардап шекті. 150-ге жуық адам қаза тауып, мыңға жуық тұрғын жараланған. 200 мыңнан аса баспана қирады. Үйсіз қалған жүздеген мың тұрғын қысты уақытша шатырларда өткізуге мәжбүр.
Ғалымдар табиғи апаттардың жиілеуін ғаламдық жылыну құбылысымен байланыстырады. 2023 жылдың жазы тарихтағы ең ыстық мерзім ретінде тіркелді. Бұған Эль-Ниньо құбылысымен бірге парниктік газдардың көптеп бөлінуі ықпал етіп отыр. Жақында әлемнің 200-ге жуық елінің делегаты қазба отынды тұтынуды қысқарта бастауға уағдаласты. Бұл туралы мәлімдеме Біріккен Ұлттар Ұйымының Дубайда өткен 28-ші климаттық саммитінде жасалды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
