Өндірісте жарақат алатындар азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өндірісте жарақат алатындар азаймай тұр

26.12.2023

Елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады. 200-ден астам адам мерт болады. Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында осылай деді. Бұл жайында Айя Мүтәлі толығырақ ақпарат беруге дайын.

Айя Мүтәлі, тілші:

Бүгінде 500 мыңға жуық адам қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істейді. Өндіріс жарақат алу көрсеткіші өскен. Әлихан Смайыловтың мәліметінше, жыл сайын 200 адам мерт болады. Мәселен, бұрынғы «АрселорМиттал» компаниясында соңы адам өлімімен аяқталған жағдайлар 7 есе артқан. Сонымен бірге, «Қазақмыс» компаниясында өндірістік жарақат алу көрсеткіші былтырғыға қарағанда 3 есе өскен. Ал бүгінде кәсіпорындардың тек 32%-ы ғана өз қызметкерлерін сақтандырып отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Көптеген елдерде өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін превентивті іс-шараларға бағыттайды. Яғни, оларда қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі. Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек.

Айя Мүтәлі, тілші:

Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын мақұлдады. Бұл құжат ең алдымен, еңбек жағдайындағы қауіп-қатерлерді төмендетуга бағытталған. Сонымен бірге, өндірістегі қауіпсіздік саласын цифрландыруға көшуді көздейді.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу